Accessibility links

Мәскеудің Қызыл алаңына пикетке шыққан Қазақстан азаматына айыппұл салынды


Мәскеудің Тверь аудандық соты Қазақстан азаматы Владимир Чувиловқа "Ресей әскерін дискредитациялағаны үшін" 50 мың рубль, "пикет тәртібін бұзғаны үшін" 20 мың рубль айыппұл салды. Бұл жөнінде "ОВД-Инфо" құқық қорғау жобасы хабарлады.

Чувиловқа көмектескен "ОВД-Инфо" адвокаты Лейсан Маннапованың уәжінен кейін сот оны "көші-қон заңын бұзды" деген айыптан ақтап алған. Бұл баптағы айып бойынша Чувиловты Ресейден шығарып жіберетін еді.

Қазақстан азаматы Владимир Чувиловты 19 маусымда Қызыл алаңға шығып, "Веган соғысқа қарсы. Ессіздікті тоқтатыңдар" деген плакат ұстап, пикетке шыққаны үшін полиция алып кеткен.

Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен кейін Дума "Ресей әскерінің әрекетін айыптап, дискредитациялағаны үшін" жауапқа тартуды көздейтін заң қабылдаған. Осыдан кейін Ресейде соғысқа қарсы шыққан белсенділерді жазалау басталған.

Украинаны қолдап, соғысқа қарсы үндеу көтерген митингілер Қазақстанда да болған. Бейбіт акция жергілікті биліктің келісімінсіз өткендіктен оған қатысқандар әкімшілік жазаға тартылған.

Сәуір айында полиция Алматыдағы Ресей консулдығы алдына барып, Ресейдің Украинаға агрессиясын айыптаған "Oyan, Qazaqstan" азаматтық қозғалысының мүшелерін ұстаған. Олар қолдарын байлап, жолға жатып алған еді, бұл — Украинаның Буча қаласының тұрғындарының қолын байлап атып кеткен Ресей әскерінің әрекетін айыптау болатын. Акция бірнеше минутқа ғана созылып, полиция ұстап әкеткен.

Украинаны қолдауға арналған, рұқсат етілген митингі 6 наурызда Алматыда болған. Оған мыңдаған адам қатысып, "Путин, Гаага, түрме!", "Тоқаев, үнсіз қалма!" деп ұрандатқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG