Accessibility links

Полиция алдында сөйлеген Тоқаев "ұлт мүддесіне қарсы әрекет ететін кәсіби арандатушылар" жайлы айтты


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 23 маусымда Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты шарада сөйлеген сөзінде елдегі бейбіт жиындар мен азаматтық белсенділер туралы да айтты.

Ол елде өз бастамасы бойынша қолға алынған "саяси реформалар" барысында қоғамдық саяси процестер де бұрынғыдан белсендірек жүре бастады деп есептейді.

"Белсенділер саяси партия мен қозғалыс құрғысы келетінін мәлімдеп, ішкі және сыртқы саясат мәсеелері бойынша түрлі пікір-көзқарасын білдіріп жүр. Бұл азаматтық қоғамның кемелденгенін көрсететін айтарлықтай заңды процесс. Әйткенмен азаматтық белсенділердің барлық іс-әрекеті, соның ішінде наразылық акциялары заң талаптарына сай болғаны аса маңызды" деген президент.

Ол бұған қоса "заңға қарсы, соның ішінде полицияның адами абыройына, кәсіби ар-намысына қарсы бағытталған іс-әрекетке" барған азаматтардың жауапқа тартылатынын айтты.

"Қазақстанның ұлттық мүддесіне қарсы іс-әрекет жасайтын, мемлекетіміздің дұшпандарының мүддесін көздейтін кәсіби арандатушыларды аймандай етіп әшкерелеу керек" деп мәлімдеді Тоқаев.

Полицияны мақтаған Тоқаев азаптау туралы ештеңе айтпады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:01 0:00

Бұл президент Тоқаевтың биылғы Қаңтар оқиғасынан кейін елдегі азаматтық белсенділердің іс-әрекеті мен бейбіт жиындар туралы айтқан алғашқы сөзі емес.

Қаңтар көтерілісі кезінде, 7 қаңтарда Тоқаев "қай жерде жиналып, не айтсақ та хақымыз бар деп санайтын кейбір "құқық қорғаушылар" мен "белсенділер" өзін заңнан жоғары қояды" деп сын айтты ол.

Сол жолы Тоқаев "осындай "шолақ белсенділердің" жауапсыз іс-әрекетінің кесірінен полиция "тәртіп сақтау жөніндегі негізгі қызметіне толық көңіл бөле алмайды. Елде интернеттің бұғатталуына, миллиондаған азамат пен отандық бизнестің зардап шегуіне де солар кінәлі" деп мәлімдеген.

Наурызда бейбіт жиындар жайлы сөз қозғаған Тоқаев 2020 жылы өзі қол қойған "Бейбіт жиындар туралы" заңды "демократиялық" деп атап, "бұдан кейін босаңсу болмайды"деп мәлімдеген. Ол азаматтардың бейбіт жиналып, өз пікір-көзқарасын еркін білдіру құқығы сақталуын қамтамасыз етуді талап еткен құқық қорғаушылар мен белсенділерді "арандатушы пиғылдағы нақты топтар" деп атап, "заңға мойынсұнатын азаматтарымызға ондай еркіндік пен жауапсыздық өте қымбатқа түсті" деп мәлімдеген.

Қазақстан заңы бойынша, бейбіт жиын, митинг, шеру, демонстрация, пикет, т.с.с. кез келген акцияны өткізу үшін әуелі жергілікті биліктің келісімін алу қажет және ондай шаралар арнайы белгіленген орында өтеді. Сын айтушылар мұндай тәртіп азаматтардың Конституцияда көрсетілген бейбіт жиын өткізу құқығын шектейді деп есептейді.

БҰҰ адам хақылары жөніндегі комитеті Қазақстанның азаматтардың бейбіт жиын өткізуге деген құқығын сақтамай отырғаны туралы бірнеше шешім шығарған. 2014 жылдан бастап комитет 13 қазақстандықтың шағымын қанағаттандырып, солардың пайдасына шешім шығарған. Бірақ соның ешбірі орындалған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG