Accessibility links

Қырғыз омбудсмені: экс-банкир Асанбаев абақтыда қаза болғанға дейін тергеуші онымен адвокатсыз сөйлескен


"Айыл банк" төрағасының бұрынғы орынбасары Бақыт Асанбаев.
"Айыл банк" төрағасының бұрынғы орынбасары Бақыт Асанбаев.

Қырғызстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі (омбудсмен) Атыр Абдрахматова Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің тергеу абақтысында белгісіз жағдайда көз жұмғанға дейін "Айыл банк" төрағасының бұрынғы орынбасары Бақыт Асановпен тергеушінің адвокатсыз сөйлескені анықталғанын айтты.

Абдархматова видеокамера жазбасын көріп, марқұммен бір камерада отырған адамдармен әңгімелескен.

"Өлерінен бір күн бұрын [Асанбаев] тергеушімен адвокатсыз сөйлескен, сондықтан тергеушіге қояр сұрақ бар. Сонымен бірге оған дейін көп уақыт жүріп-тұруға жағдай жоқ камерада отырған оны жағдайы бөлек басқа камераға неліктен ауыстырған деген сұрақ туындайды. Әлгі камерада отырған адамның оқыс бірдеңеге ұшырауына себеп болуы мүмкін заттардың болуы да сұрақ туғызады" деген омбудсмен.

Ол қазалы оқиғаға қатысы барлардың бәрінен жауап алынбайынша қандай да бір тұжырым жасауға ерте болатынын айтты.

23 маусымда саясаттанушы Марат Қазақпаев пен "Айыл банк" төрағасының бұрынғы орынбасары Бақыт Асанбаевтың қазасының себептерін тексеру жөніндегі комиссия жетекшісі Еділ Байсалов алдын ала деректерге сүйеніп, Асанбаевты өлтірген деуге негіз жоқ деп мәлімдеді.

Маусым айының басынан бері Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің тергеу абақтысында қамауда болған екі адам көз жұмды. 10 маусымда, тергеу абақтысынан ауруханаға ауыстырылған күннің ертесіне саясаттанушы Марат Қазақпаев қайтыс болды. Мемлекетке опасыздық жасаған деген күдікке ілінген ол жылдан астам уақыт ҰҚМК абақтысында қамауда отырған. Дәрігерлер Қазақпаевқа "геморрагиялық инсульт" деген диагноз қойған.

18 маусымда "Айыл банк" төрағасының бұрынғы орынбасары Бақыт Асанбаев қайтыс болды. Арнайы қызмет "тұтқын суицид жасады" деп хабарлады. Бірақ марқұмның туыстары бұл болжамға сенбейді, олар сүйекті тексерген кезде бірнеше қабырғасы сынып, аяқ-қолында көгерген тұстар барын анықтағанын айтты.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Марат Қазақпаев пен Бақыт Асанбаевтың ҰҚМК тергеу абақтысында қайтыс болуының себебін тексеру үшін комиссия құрды. ҰҚМК төрағасы Қамшыбек Тәшиев өзі басқаратын комитеттің тергеу абақтысында екі адамның қайтыс болғаны үшін моральдық жауапкершілік сезінетінін мәлімдеп, комиссияға көмектесуге әзір екенін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG