Accessibility links

Сот "Протестный Костанай" Telegram-каналы "авторының" бостандығын шектеді


24 маусымда Қостанай қаласының №2 соты "жалған ақпарат тарату" айыбы тағылған жергілікті тұрғын Диас Нұрмағамбетовтың бостандығын бір жылға шектеу туралы үкім шығарды. Бұл туралы жергілікті "Наша газета" басылымы хабарлады.

Диас Нұрмағамбетовке Telegram-каналда "қаңтардағы наразылық кезінде СОБР-дың (полиция арнаулы жасағы – ред.) халық жағына шыққаны" туралы жалған ақпарат таратты деген айып тағылған.

Судья Алтын Байжұманова айыпкердің жаза мерзімінен оның тергеу абақтысында және үйқамақта болған уақытын шегерген. Сот үкіміне сәйкес, Нұрмағамбетов пробация қызметіне барып, белгіленіп отыруға міндетті. Бұған қоса сот оған кешкі сағат оннан кейін көңіл көтеретін орындарға баруға тыйым салды. Егер қайта жауапқа тартылатын болса, ол бостандығынан айырылып, жазасын қамау мекемесінде өтейтін болады. Бұған дейін прокурор соттан Нұрмағамбетовке екі жыл шартты жаза тағайындауын сұраған.

Судьяның сөзінше, сот Нұрмағамбетовтың сот тергеуі кезінде айтқаны "нақты жағдаймен үйлеспейді" деп санайды. Сот отырысында айыпталушының "украин операторынан нөмер сатып алып, соған жалған аккаунттар тіркегені" айтылды.

– Біз бұл хаттарды қараған кезде, сарапшы Шерцер осы скриншоттар Telegram-X бағдарламасы көмегімен жасалғанын анықтады. Әрине, оларды мессенджерден таба алмадық. Скриншоттар телефоныңызда болғанын сіз жоққа шығармайсыз. Осы жайттардың бәрін талдай келе, сот "Протестный Костанай" каналына сіздің тікелей қатысыңыз бар деген қорытындыға келді. Оның меншік иесі немесе администраторы болдыңыз деп кесіп айтпаймын. Бірақ каналға сіздің тікелей қатысыңыз болған. Кім болғаныңызды айта алмаймын, бірақ оған қатысыңыз болды, – деп мәлімдеген судья.

Алтын Байжұманова "Өз сеніміне сүйеніп, Қаңтар оқиғасы мен оның салдары туралы білетіндіктен, сот бұл хаттардың барлығы арандату сипатында болған және қоғамдық тәртіпке қауіп төндірген деген тұжырымға келді" деді.

Сот отырысынан кейін Диас Нұрмағамбетовтың адвокаты Алмас Исмағұлов былай деді:

– Әрине, үкіммен келіспейміз, біз ақтайтын шығар деп күткен едік. Іс бойынша тікелей айғақ жоқ. Біздің президент әр іс әділ қаралсын деп тапсырма берген. Меніңше, судья ақ-қарасын толық ажырата алмады. Ол айыптауға бейім болды деп ойлаймын. Шағым беріп, ақтайтын шешімге қол жеткізуге тырысамыз.

Диас Нұрмағамбетовтың ісі бойынша сот 23 мамырда басталған. Айыптау тарабы Нұрмағамбетов "Протестный Костанай" Telegram-каналын ашып, онда дизель отыны мен сұйылтылған газдың қымбаттауымен келіспейтінін жазып, кейін тынышталып қалған дейді. Ал қаңтарда Қазақстанның бірнеше аймағында наразылық акциясы басталған кезде Нұрмағамбетов "саяси ахуалды шайқалту мақсатымен және көпе көрнеу жалған ақпаратты таратамын деген қылмыстық ниетпен Telegram-каналда белсенді әрекетке көшкен" деп мәлімдеді прокурор.

Оның сөзінше, Диас Нұрмағамбетов 4 қаңтарда бірнеше пост жариялап, өз каналына жазылған адамдарды "санкция берілмеген митингілер басталатыны, өтетін орны, бастапқы құрамы мен наразылардың талабы жайлы хабардар еткен". Іс материалында қаңтардың төрті мен бесінде Нұрмағамбетовтің "Қостанай тұрғындарын митингіге шығуға үндегені" жазылған.

Бұдан соң, тергеу болжамы бойынша, Диас пәтерінде отырып, "жұртты митингіге тарту мақсатымен" Telegram-каналға "полиция қызметкерлері белгісіз абонентке жіберген-мыс деп көрсетіп, екі жалған хабар жазған". Онда "СОБР өкілдері адамдарды ұстамауға сөз беріп, наразылық біткен соң өздерінің аты-жөнін жариялауға уәде еткені айтылған".

Сотта Диас Нұрмағамбетов өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген. Сот отырыстарының бірінде ол тергеу кезінде "азаптау мен қысымға" тап болғанын айтып берді деп жазады қостанайлық басылым.

"Бір кезде маған етпетімнен жерге жатуды бұйырды, сосын шабымнан ұра бастады. Әрқайсысы Архимедке [Қостанай облысының әкімі] тіл тигізген мықты сенбісің деп айтты. Бір сәт орындыққа отырғызды да, тәртіпсіздікке қатысыңды мойында деп, басыма пакет кигізіп тұншықтыра бастады. Төрт рет есімнен танып қалдым, бірақ есімді жиғызып алып, қайтадан тұншықтырды. Қалам мен қағаз беріп, Қазақстандағы жаппай тәртіпсіздіктің артында президенттің бұрынғы кеңесшісі Олжас Құдайбергенов, қоғам қайраткері Арман Шураев, бұрынғы депутат Нұржан Әлтаев және [Қазақстанның] Украинадағы елшісі Дархан Қалетаев тұр-мыс, олардың бәрі Украина қауіпсіздік қызметіне жұмыс істейді және мені де соған тартпақ болды-мыс деп жазуға мәжбүрледі" деп мәлімдеген Диас Нұрмағамбетов.

Бұған қоса сот отырысында жауап берген куәлардың бірі – студент Максим Виноградов өзі жазылған "Протестный Костанай" telegram-каналында жарияланған жазбалар өзіне "ешқандай әсер етпегенін", ал "СОБР халық жағына шықты" деген тақырыбы бар жазбаны "мүлде көрмегенін" мәлімдеген.

Биыл қаңтардың басында Маңғыстау өңіріндегі Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауынан, жұмыссыздық пен кедейліктен қажығанын айтқан халық наразылық митингісіне шығып, үкіметке талап қойған. Әлеуметтік проблемалармен бірге саяси талаптар да айтылған. Бұл наразылық толқыны Қазақстанның өзге де өңірлерін қамтыған. Кейінірек бірқатар қалада наразылық дүрбелеңге ұласып, қантөгіспен аяқталған.

Қаңтар қырғыны кезінде, ресми мәлімет бойынша, кемінде 238 адамның өмірі қиылған. Оның арасында сегіз адам құқық органдары ұстап әкетіп қамағаннан кейін көз жұмған. Қазірге дейін бес мыңнан астам қылмыстық іс ашылғаны белгілі. Азаматтардан азапталғаны туралы арыз-шағым көп түскен. Билік "тыйым салынған тергеу әдістері" туралы 200-ден астам іс қозғалғанын мәлімдеген. Азаптаудан зардап шеккендер мен ондай қылмысқа күдіктілердің жалпы саны әлі күнге дейін белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG