Accessibility links

"Қаңтар құрбандарының қазасын билік дұрыс тексермей отыр". HRW мәлімдемесі мен үндеуі


Наразылық шеруіне шыққандардың жолын бөгеп, арнаулы құралдар қолданып жатқан полиция жасағы. Алматы, 5 қаңтар 2022 жыл.
Наразылық шеруіне шыққандардың жолын бөгеп, арнаулы құралдар қолданып жатқан полиция жасағы. Алматы, 5 қаңтар 2022 жыл.

Human Rights Watch (HRW) ұйымы "Қазақстанда Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан адамдардың өлімін тергеу ашық жүріп жатқан жоқ, ұсталғандарды азаптау жайлы іс материалдары бір инстанциядан екіншісіне өтіп, баяу қаралып жатыр" деп мәлімдеді. Халықаралық құқық қорғау ұйымы 5 мамырда жарияланған мәлімдемесінде Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасы бойынша тергеу жүргізетін тәуелсіз орган құрып, оған халықаралық сарапшыларды тартуға үндеді.

Human Rights Watch (HRW) ұйымы "Қазақстан 2022 жылғы қаңтарда болған наразылық пен тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапқан 200-ден астам адамның өлімін тергеуді дұрыс жүргізген жоқ" деп мәлімдеді. Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан халықаралық құқық қорғау ұйымы қаңтар оқиғалары кезінде немесе одан кейін ұсталып, қамауда азап көрген азаматтардың шағымына байланысты қозғалған қылмыстық істер баяу жүріп жатқанын, қауіпсіздік күштерінің бірнеше қызметкеріне ғана заңсыз кісі өлтіру, жазықсыз ұстау және азаптау баптарымен айып тағылғанын айтқан.

"Қазақстан билігі кейінгі төрт айда Қаңтар оқиғасы бойынша тергеу жүргізіп жатырмыз деп бірнеше рет мәлімдегенімен, жәбірленушілер мен олардың жақындары бұл сөздің шындыққа жанаспайтынын айтып отыр. Мерт болған азаматтардың қазасы бойынша тергеу уақытылы әрі ашық жүрген жоқ, азаптау мен күш қолдану жайлы шағымдарға қатысты іс материалдары бір мемлекеттік органнан екіншісіне өтіп, тергеу процесі ұзаққа созылды, күдіктілер әлі табылмаған" дейді HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон.

HRW өкілдері 17 қазақстандықпен сөйлескен. Олардың қатарында Қаңтар қырғынында қаза тапқан азаматтардың жақындары, азапталған адамдардың мүддесін қорғаушы адвокаттар, қамаудағы азаптау мен қорлау фактілері жайлы ақпарат жинап, марқұмдардың тізімін (билік қайтыс болған азаматтардың аты-жөнін жарияламаған) жасап жүрген жергілікті құқық қорғаушылар бар. Жақында азаптау туралы шағымдарды қарап жатқан бас прокуратура мен жемқорлыққа қарсы күрес қызметі HRW ұйымының хатына жауап берген.

"КӨШЕДЕГІ ҚАҢҒЫБАС ИТТІ АТҚАНДАЙ ҮНСІЗ ОТЫР"

HRW ұйымы Қазақстан бас прокуратурасы жіберген деректермен бөліскен: "Қаңтар оқиғасы кезінде 232 адам қаза тапқан, оның 149-ы "үкімет ғимараттарына шабуыл жасауға қатысқан", 20-сына "кездейсоқ" оқ тиген". Билік өкілдері қаза тапқандардың тізімін жариялаған жоқ, тек қызмет міндетін атқару кезінде көз жұмған 19 әскеридің ғана аты-жөні аталды. Жергілікті құқық қорғаушылар қаза тапқандар саны ресми мәліметтегіден әлдеқайда көп екенін айтады.

HRW алдыңғы есептерінің бірінде "Қаңтардың төрті мен алтысы аралығында қазақстандық күш құрылымдары қарусыз наразыларға қарсы кемінде төрт рет оқ жаудырған. Аталған төрт жағдайда он шақты адам қаза тапқан" деп жазған.

Президент резиденциясының қақпасы маңында тұрған өртенген жүк көлігі. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл. Билік өртеніп, бүлінген резиденцияны пайдалану қауіпті болатынын айтып, оны сүріп тастауды ұйғарды.
Президент резиденциясының қақпасы маңында тұрған өртенген жүк көлігі. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл. Билік өртеніп, бүлінген резиденцияны пайдалану қауіпті болатынын айтып, оны сүріп тастауды ұйғарды.

HRW Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан азаматтардың өліміне байланысты тәуелсіз тергеу жүргізілмегеніне алаңдаушылық білдірген. Ұйым мәлімдемесінде "көп жағдайда марқұмдардың денесі туыстарына бірнеше күннен кейін берілген. Биліктің уәдесіне қарамастан, қаза тапқан азаматтардың жақындары тергеу барысы туралы ақпарат ала алмай отыр" дейді.

HRW туыстарының қарсылығына қарамастан, жерленген азаматтардың мәйітін көрден қазып алу фактісі туралы да жазған. Эксгумация тергеудің заңды бөлігі саналады, бірақ халықаралық құқыққа сәйкес, қаза тапқан азаматтардың отбасына мәйітті қазып алу процесі туралы толық ақпарат берілуі тиіс. Қазақстанда бұл тәртіп сақталмаған.

Алматыда әскерилер оғынан көз жұмған 12 жастағы баланың мәйітін наурызда екінші рет қазып алған. Бірақ туыстарына тергеу барысы туралы ақпарат берілмеген.

Қаңтар оқиғасы кезінде көз жұмған 48 жастағы азаматтың әйелі құқық қорғаушыларға жерлеу рәсімінен кейін 13 күннен соң эксгумация жүріп, патологоанатомиялық сараптама кезінде күйеуінің денесінде қалып қойған оқ алынғанын айтқан.

"Екінші оқ табылды, бірақ одан пайда жоқ. Әлі күнге кім атқанын білмейміз. Олар [тергеушілер] жауап бермейді. Сараптама қорытындысы екі айдан кейін дайын болады деп еді, әлі алған жоқпыз. Үнсіз отыр. Еш көмек берген жоқ. Құдды бір көшедегі қаңғыбас итті атқандай" дейді марқұмның жесірі.

Қаңтар қырғыны кезінде жақынынан айырылған басқа азаматтар да құқық қорғаушыларға тергеу материалдарымен таныса алмай отырғанын, тіпті, тергеушілердің аты-жөнін білмейтінін айтқан. Адвокаттардың өзі тергеу органдарынан ақпаратты әзер алып жүр.

HRW өз есебіне Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккендерге көмек көрсету үшін құрылған Qantar қорындағы заңгерлер жұмысын үйлестірумен айналысатын адвокат Данияр Қанафиннің пікірін қосқан. Адвокат қағазбастылық пен қылмыстық істерді тиімсіз тергеу мәселесін көтеріп, заңгерлерге нақты емес, жалпылама ақпарат ғана берілетінін айтқан.

АЗАПТАУ ТУРАЛЫ ЖҮЗДЕГЕН ШАҒЫМ ЖӘНЕ ТОҒЫЗ КҮДІКТІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтарда "мемлекеттік төңкеріске талпыныс жасалды, бұған өкілетті тұлғалардың қатысы бар" деп мәлімдеп, кінәлілерді жауапқа тартуға уәде берген. Қазақстан билігі бейбіт тұрғындар "террористер" қолынан қаза тапты деді, бірақ сөзіне дәлел болатын айғақ-дәлел келтірген жоқ.

Қазақстанның күш құрылымдары мыңдаған бейбіт демонстрант пен басқа да адамдарды жаппай ұстап, қамаудағы азаматтарды таяқпен, электрошокермен ұрып, азаптағаны жайлы көп дерек бар.

Ұйым мәлімдемесінде "Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған сегіз адам тергеу изоляторларында көз жұмған. Азаптау бабымен 234 қылмыстық іс қозғалып, құқық қорғау органдарының тоғыз қызметкері ғана ұсталған. Оларға қандай айып тағылғаны белгісіз. Human Rights Watch сарапшылары қараған азаптау туралы істердің көбінде жәбірленуші өзіне күш қолданған қызметкерді атап көрсетсе де, билік өкілдері оларды күдіктілер қатарына қоспаған" делінген.

Жемқорлыққа қарсы күрес қызметі HRW ұйымы хатына жіберген жауабында күш құрылымдары қызметкерлерінің іс-әрекетіне берілген шағымдар бойынша 309 қылмыстық іс қаралып жатқанын жазған. Бұл істердің 279-ы – "Азаптау", 30-ы "Қызмет құзыретін асыра пайдалану" және "Билігін асыра пайдалану" бабымен қозғалған. Ведомство тергеу жалғасып жатқанын, қазір 450 сот сараптамасы жүргізіліп жатқанын хабарлаған. Бас прокуратураның дерегінше, тағы он істі арнаулы прокурорлар қарап жатыр.

HRW азаптауға ұшыраған тұтқындар саны әлдеқайда көп деп есептейді. Жәбірленушілердің біразы өзін азаптаған қызметкерлер кектеседі деп қорқып, шағым жазбаған. Кей азаматтар өзіне күш қолданған қызметкерлер бетіне маска тағып алғандықтан олардың түр-тұлғасын ажырата алмаған.

Қамаудағы азаматтарға дер кезінде құқықтық көмек көрсетілмеген. Жәбірленушілер адвокаттарымен кездескенде, көбінің жарақаты жазыла бастаған, сондықтан олар азаптау белгілерін растайтын медициналық құжатсыз арызымыз қаралмайды деп ойлаған.

30 наурыздағы дерек бойынша, қазақстандық "Азаптауға қарсы коалиция" ұйымына азаптау туралы 142 шағым түскен. Бұл шағымдарда зорлау, "зорлау және жыныстық сипаттағы зорлық көрсетеміз" деп қорқыту фактілері туралы жазылған. Жергілікті құқық қорғаушылар кәмелетке толмаған балаларға да күш қолданылғанын анықтаған.

Қазақстан азаптау мен адамның ар-ожданын түсіретін қорлық түрлеріне қарсы Конвенцияға қосылған. Сондықтан азаптау туралы шағымдар бойынша шұғыл әрі объективті тергеу жүргізуі керек. Бірақ қазіргі тергеу процесін не жедел жүріп жатыр, не объективті деп атауға келмейді. Азаптауға қарсы коалиция дерегінше, азаптау жайлы шағымды арыз иесіне күш қолданған қызметкер қараған кездер де болған. Азаптау туралы шағым берген бірнеше азаматтың адвокаты Ғалым Нұрпейісов "билік қылмыскерлерді жасырып отыр" дейді.

Азапталған Талдықорған. Арнайы репортаж

Азапталған Талдықорған. Арнайы репортаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:16:31 0:00

HRW құқық қорғаушылары полицияның Қаңтар оқиғасы кезінде наразылыққа қатысып, оқ тиіп жараланып ауруханаға түскен науқастарды емделіп жатқан жерінен күштеп тергеуге алып кетіп, ұрып-соққанын растайтын төрт оқиғаны қағазға түсіріп алған.

Жәбірленушілердің бірі Ділшат Абдусатаров 9 қаңтарда өзін үш полицей аурухана бөлмесінен дәлізге сүйреп шығарып, ұрып-соғып, автокөлікке салып, көлік ішінде де таяқтың астына алғанын айтқан. Полиция Абдусатаровтың алдыңғы үш тісін сындырған, тергеу абақтысына апарғаннан кейін тағы да ұрып-соққан. 18 ақпанда уақытша тергеу изоляторынан босатылған Абдусатаровқа "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айып тағылған. Оның азаптау туралы шағымы негізінде тергеу басталған, бірақ әзірге күдіктілер "анықталмаған".

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫЛАРДЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ТЕРГЕУ ЖҮРГІЗУ ЖАЙЛЫ ҰСЫНЫС

HRW мәлімдемесінде "Қазақстан 200-ден астам адамның қазасы мен жүздеген адамның азапталуына байланысты тергеу жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартуы керек. Қазақстанның осыған дейін адам құқықтарының бұзылуына қатысты істерді тергеп, кінәлілерді жауапқа тартуда жақсы нәтиже көрсете алмағанын ескеріп, билік өкілдері ұлттық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен Қаңтар оқиғасын зерттейтін тәуелсіз орган құрып, адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындауға мүдделі екенін көрсетуі тиіс" деп жазды.

HRW Қазақстан билігі сарапшыларды ресми ақпаратпен таныстырып, тәуелсіз тергеу органының (құрылған жағдайда) қорытындысын халыққа жариялап, жәбірленушілерді қорғап, кінәлілерді жауапқа тартуы керек деп есептейді.

"Үкімет халықаралық стандарттарға сай келетін тәуелсіз аралас тергеу жүргізе алмаса, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесі сияқты басқа органдар тиісті шара қолдану мүмкіндігін қарастыруы қажет. Қазақстанның серіктестері, әсіресе, Еуроодақ елдері мен АҚШ гибридті тәуелсіз тергеу ұйымын құру идеясын қолдауы керек" деп қорытындылайды HRW халықаралық құқық қорғау ұйымы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG