Accessibility links

ЕҚЫҰ өкілі Қасым-Жомарт Тоқаевпен адам құқығы саласындағы ынтымақтастықты талқылады


ЕҚЫҰ демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының директоры Матео Мекаччи. Архив фото
ЕҚЫҰ демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының директоры Матео Мекаччи. Архив фото

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 24 маусымда Нұр-Сұлтанда Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар және адам құқығы бюросының директоры Матео Мекаччиді қабылдады.

"Кездесуде Қазақстан мен ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро арасындағы демократияны дамыту, адам құқықтары мен заң үстемдігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықтың жағдайы мен оны дамыту перспективалары талқыланды", — дейді Қазақстан президенті әкімшілігі сайтында жарияланған хабарда.

Мекаччи twitter-аккаунтына Қазақстан президентімен әңгіме кезінде "қазіргі саяси реформалар да сөз болғанын" жазған. "Біз кейбір салада ынтымақтастығымызды нығайта түсерімізге сенеміз", — дейді Мекаччи.

Мекаччи адам құқығы бойынша өкілетті уәкілмен ынтымақтастық және азаматтық қоғаммен байланыс, сот реформасы, биыл Қаңтар оқиғасы бойынша сот процестерін бақылау мәселесін меңзеген.

Мекаччиді қабылдардан бір күн бұрын Тоқаев Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған кездесуге қатысып, азаматтық белсенділердің бейбіт жиындары туралы сөз қозғаған. "Ұлттық мүддеге қарсы әрекет ететін кәсіби арандатушылар бар" деген ол нақты кімді айтқысы келгенін атамаған.

ЕҚЫҰ демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының миссиясы конституциялық өзгерістер жөнінде 5 маусымда өткен референдумды бақылаған және референдум жөнінде сараптамасын екі ай ішінде әзірлейтін болған.

Қазақстан билігі "саяси партияларды тіркеуді жеңілдеттік, партияда жоқ адамдардың парламент пен жергілікті заң шығару органына сайлануына мүмкіндік бердік" деп есептейді, алайда сарапшылар саяси партияларды "тіркемеймін десе биліктің қолында тетігі көп" екенін айтады.

Өткен айда Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Нұр-Сұлтанға адам құқығы жөніндегі уәкіл мен конституциялық сот туралы түзетулерді қайта қарауды ұсынған. Ұйым сарапшылары билік ұсынған түзетулерде омбудсменді сайлау және қызметінен босату тәртібі көрсетілмегеніне назар аударған және конституциялық сот мүшелерін тағайындау мәселесі де алаңдайтынын білдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG