Accessibility links

Британия Қазақстандағы референдум демократия мен адам құқығын дамытады деп үміттенеді


Референдумда дауыс беріп жатқан полиция қызметкері. Алматы, 5 маусым 2022 жыл.
Референдумда дауыс беріп жатқан полиция қызметкері. Алматы, 5 маусым 2022 жыл.

Ұлыбритания Қазақстанда өткен конституциялық өзгерістер бойынша референдум елдегі саяси плюрализм, демократия және адам құқығын дамытуға мүмкіндік ашатын сәтті қадам болады деп үміттенеді.

Ұлыбританияның ЕҚЫҰ-дағы елшісі Дейдра Браунның 10 маусымда жариялаған мәлімдемесінде "Қаңтар оқиғасынан кейін өткен референдумда Алматы қаласында дауыс бергендердің үлесі төмен болды. Бұл институттардың адам құқығын қорғау бойынша жұмыстарына сенімді күшейту керегін, Қаңтар оқиғасын толық және ашық тергеу қажетін көрсетті. Ашық тергеу оқиғада жақынын жоғалтқан көп отбасының сұрағына жауап берер еді" деді.

Орталық референдум комиссиясы 5 маусымда Қазақстанда болған Конституция бойынша өзгеріске дауыс бергендердің 77,18 пайызы өзгерісті қолдады деп мәлімдеді. Референдумға дауыс беруге құқылы адамдардың 68,44 пайызы келген. Дауыс бергендердің үлесі бойынша ең төменгі көрсеткіш Алматы қаласында болды – 33,30 пайыз.

ЕҚЫҰ-дағы Лондон өкілі мәлімдемесінде "Конституцияда адам құқығын қорғайтын маңызды өзгерістер бар. Олардың қатарында өлім жазасын алып тастау, адам құқығын қорғау бойынша уәкілге статус беру, Конституциялық сотты қалпына келтіру сынды өзгерістер бар" деді.

Бұған қоса Браун референдум өтетіні туралы кеш хабарланғанына назар аударды. "Кеш құлағдар болғандықтан, [ЕҚЫҰ-ның] Демократиялық институттар және адам құқықтары бюоросы (ДИАҚБ) толық бақылау жүргізе алмады, дегенмен біз "Референдумды бақылау миссиясының" тұжырымын күтеміз және Қазақстанды онда айтылатын ұсыныстарды орындауға шақырамыз" деді ол.

Аз адаммен жұмыс істеген ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы референдумның демократия талаптарына сай өткен-өтпегені жайлы толық тұжырымын шамамен екі айдан соң жариялауы тиіс.

Бұған дейін Еуропа одағы да Қазақстандағы референдумға қатысты ресми мәлімдеме жасап, Нұр-Сұлтанды ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының ұсыныстарын толық орындаудың өте маңызды екенін атап өткен.

Референдумда дауыс беру күні тәуелсіз бақылаушылар мен журналистер бюллетеньдерді топтап тастау, тәуелсіз бақылауға кедергі келтіру сынды заң бұзушылықтар болғанын айтқан еді.

Негізгі заңға енгізуге ұсынылған толықтырулар мен өзгертулерде 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру; өлім жазасын жою; омбудсменнің мәртебесін негізгі заңда бекіту; қызмет өкілетін атқару кезінде президенттің саяси партия мен қозғалысқа мүше болуына, ал оның туған-туысына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу; парламент жұмысы мен сайлау жүйесін өзгерту мәселелері қамтылған.

Өзгеріске сай, Конституциядан бірінші президентке (Нұрсұлтан Назарбаев) берілген артықшылықтың бәрін алып тасталды. Кейбір сарапшылар бұл референдумды Тоқаевтың келесі президент сайлауына дайындығы деп бағалайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG