Accessibility links

Бестөбеде уақытша тоқтаған кен орнын күзеткен кейбір шахтерлар мен тұрғындар полицияға шақырту алды


Ақмола облысы Бестөбе ауылында жұмысы уақытша тоқтаған "Алтыналмас" компаниясының шахтерлары мен ауыл тұрғындары шахта маңына тәулік бойы күзет қойды. Бұған дейін алтын өндіретін компанияның жұмысын қайта жандандыруды талап еткен олар жуырда шахтадан ең маңызды жабдықтар әкетіледі деп естіген. Тұрғындар шахтадан компрессорлар әкетілсе, кен орны жабылады деп санайды. Топ-топқа бөлінген жұрт екі күн бойы кезек-кезек шахтаны күзетті.

Бестөбеліктер қондырғыларды әкетпеуді, бір жылдан бері істемей тұрған екі шахтадан суды сорып алуды талап етіп отыр. Бұған қоса, билік және компания басшылығымен кездесуді талап етіп отыр.

—Компрессорлар – бұл кен орнының, шахтаның жүрегі. Олар жоғары жақта тұрады және шахтаны сығымдалған ауамен қамтамасыз етіп отыр. Көтергіштер де, бұрғылау балғалары және машиналар да сығымдалған ауамен жұмыс істеп жатыр. Онсыз шахта жарамсыз болып қалады. Сол себепті осы құрылғыны алып кетпесін деп кезекшілік ұйымдастырдық. Бүгін (1 шілде – ред.) бірнеше полиция көлігі келді, не болатынын білмеймін. Түнде алып кететін сияқты. Бізге негізі "6 шілдеге дейін әкетілмейді, облыс әкімімен мәселені талқылаймыз" деп уәде берген. Шахтаны қайта іске қосуды талап етеміз. Істемей тұрғанына бір жыл болды. Бұл ай сайын жоспарды орындайтын кіріс әкелетін шахталар болған. Мұнда алтын қоры да көп. Жұрт бұған дейін де наразы болған. Алайда олар [басшылық] компрессорға тиісіп еді, жұрт бірден көтерілді, – деді 1 шілдеде аты-жөнін атамаған ауыл тұрғыны Азаттыққа.

Жұма күні кешке ауылдың кемінде үш тұрғыны "Жүгенсіздік" бабы бойынша қылмыстық істе қорғануға құқығы бар куәгер ретінде полициядан шақырту алды. Олар 4 шілдеде полицияға баруы тиіс.

Осыған дейін бестөбеліктер президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа мәлімдеме жолдап, ауылға келуге үндеген. Бірақ билік реакция білдірмеді.

Сәуір айында "Алтыналмас" АҚ басқарма төрағасы Дияр Қанашев тұрғындармен кездесу кезінде шахтаның жұмысын тоқтатудан басқа амал жоқ деп мәлімдеген. Қанашевтің айтуынша, жер астындағы суды төгетін жер жоқ, сондықтан шахтаны тұтас табиғи жолмен батыру шаралары жүріп жатыр. Оның сөзінше, басшылық алдында өндіріс нысанын ұзақ жылға консервациялау немесе кен орнын көшіру сияқты дилемма тұр. Ал тұрғындар алтынды ашық жолмен өндіруге қарсы, олар бұл Бестөбенің экологиясын құртады деп санайды.

Осыған дейін шілдеде Бестөбедегі өндіріс орнының болашағы туралы қоғамдық тыңдау өтетіні хабарланған.

XS
SM
MD
LG