Accessibility links

Жапонияда бұрынғы премьер-министр Синдзо Абэні атып кетті


Оқ тиіп, жерге құлаған Синдзо Абэге жанындағылар көмектесіп жатыр. 8 шілде 2022 жыл.
Оқ тиіп, жерге құлаған Синдзо Абэге жанындағылар көмектесіп жатыр. 8 шілде 2022 жыл.

Жапонияның батысындағы Нара қаласында белгісіз адам бұрынғы премьер-министр Синдзо Абэге оқ атты. Абэнің жағдайы туралы нақты мәлімет жоқ. Оның мерт болғаны жайлы түрлі ақпарат тарап жатыр. Полиция өкілі саясаткердің жүрегі тоқтағанын айтқан. Бірақ ақпарат әзірге ресми түрде расталмады.

Жапон үкіметінің хатшысы Хирокадзу Мацуно журналистерге Абэнің оққа ұшқанын растағанымен жағдайы белгісіз екенін айтты.

NHK телеарнасы мен Киодо Цусин агенттігінің хабарлауынша, Абэ Нара вокзалы маңындағы митинг кезінде сөйлеген кезде ту сыртынан біреу экс-премьердің арқасына екі рет оқ атқан. Абэ жұртты алдағы жексенбі күні өтетін сенат сайлауында өз партиясы атынан қатысатын кандидатты қолдауға үндеген. Жарақаттанған премьер есінен танып қалған. Куәгерлердің бірінің айтуынша, айналасындағылар саясаткердің жүрегіне массаж жасаған. Бұрынғы премьер ауруханаға жеткізілген.

Ақпаратқа қарағанда, бұрынғы премьерге Нара қаласының 41 жастағы тұрғыны Тэцуя Ямагами шабуыл жасаған. Ол адам өлтірмек болды деген күдікке ілініп, қамалды. Әзірге толық емес мәлімет бойынша, ол экс-премьерді қолдан жасалған бытыра мылтықпен атқан. Полиция қаруды тәркілеген. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Тэцуя Ямагами бұрын Жапонияның теңіз күштерінде қызмет еткен.

67 жастағы Синдзо Абэ 2020 жылы премьер-министр қызметінен отставкаға кеткен. Бірақ Жапонияның басқарушы либерал-демократия партиясында ықпалды тұлға болып қалған.

XS
SM
MD
LG