Петропавлда полицейлермен кездескеннен кейін қаза болған Анатолий Рейбанттың өліміне қатысты істе жаңа деректер пайда болды. Марқұмның анасы Ирина Рейбант Азаттық тілшісіне билік "қылмыс құрамы болмағандықтан" дәрігерлер мен сарапшыларға қозғалған қылмыстық істі тоқтатқан. Оның сөзіне қарағанда, бұл іс тоқтағаннан кейін бір айдан кейін белгілі болып отыр. Бұдан бөлек, бес полицейге қатысты негізгі тергеу амалдары да кідірген. Ал сараптамаға деп алынған Анатолий Рейбанттың сүйектерінің қалдықтары жоғалған.
Ирина Рейбанттың сөзіне қарағанда, ол президент әкімшілігінде қабылдауда болғаннан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тергеушісі эксгумациядан кейін бірнеше жыл ауыл әкімдігінде сақталған скелет қалдықтарын алған. Бірақ үлгілер кейін жойылған.
–Сарапшылар мен дәрігерлерге қозғалған істі бізге айтпай тоқтатқан. Ешқандай тергеу амалы жүргізілген жоқ, тіпті жәбірленуші және куәгер ретінде менен де сұраған жоқ. Мұны қасақана жасап отыр деп санаймын. Істі біресе созады, біресе тоқтатады, біресе ұлымның сүйегінің қалдық үлгілерін жояды. Ол сот сараптама институтына берілген іс бойынша ерекше маңызды үлгілер мен материалдар болатын. Сарапшы бұған дейін көрінеу жалған қорытынды жасаған. Бұрын егер ұлымның үлгілері жоғалса немесе оған бірдеңе болса, заң бойынша жауап бересіңдер деп полиция мен прокуратураға шағым жазғанмын. Енді сол үшін жауап берсін, – деді Ирина Рейбант Азаттыққа.
Тергеу жүргізуі тиіс болған жемқорлықпен күрес департаменті адвокат Татьяна Власоваға жолдаған жауабында "мәйіттен алынған гистологиялық препараттар мен парафин блоктары мерзімінің өтуіне байланысты жойылды" деп айтқан. Жемқорлықпен күрес агенттігі Солтүстік Қазақстан облысының сот сараптама институтына сүйеніп, "жою актісі қылмыстық іс материалдарына тіркелген" дейді. Адвокат бұл ақпараттың расталмағанын айтады.
Адвокаттың "полицейлер ісі неге созылып кетті" және "қызмет өкілетін асыра пайдалану" бабынан "азаптау" бабына не үшін ауыстырылмаған деген сұрағына ведомство сотқа дейінгі сараптама қорытындысынан кейін іс қайта қаралатынын айтады.
8 шілдеде Рейбанттың анасы ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментіне шағым түсірген. Ол шағымда "құқық қорғау органдары қасақана қылмысты жасырып, кінәлілерді жауапқа тартпай отыр, прокуратура өкілдері оларды қорғап отыр" деп жазған. Ирина Рейбанттың жазуынша, оның ұлын полиция қызметкерлері ұрып-соққан, бірақ сол үшін ешкім жазаға тартылмаған. Ал алған жарақатынан және уақытында көмек берілмегендіктен Анатолий Рейбант көз жұмған.
Әйелдің сөзіне қарағанда, құқық қорғау органдары істі "Азаптау" бабымен қараудан бас тартып отыр. Ол ҰҚК-дан бас прокуратураға өтініш жазып, істі арнайы прокурорлар қызметіне беруді өтініп отыр. Полицейлердің әрекетін "азаптау" бабы бойынша қарап, сараптама үлгілерін жою қаншалықты заңды болғанын тексеруді, "қылмысты жапқан" құқық қорғау органның лауазымды тұлғаларын жазаға тартуды сұрап отыр.
Сәуір айында бас прокуратура "тергеу органдарының істі толық тергемегенін" атап өтіп, жемқорлықпен күрес агенттігіне тергеу жүргізуді тапсырған. Жемқорлықпен күрес агенттігі дәрігерлер мен сарапшылар ісін жеке өндіріске шығарып, полицияға жолдаған.
2017 жылы наурыз айында полиция 25 жастағы Анатолий Рейбантты ұстап, Уақытша адаптация және детоксикация орталығына апарған. Оның ата-анасы мен куәгерлер Анатолий Рейбантқа полиция сол кезде күш қолданды деп санайды. Осыдан кейін Рейбантқа миы шайқалып, бет сүйегі мен мұрны сынған деген диагноз қойылған. Бірнеше айдан кейін, 4 шілдеде үйінде қайтыс болған. Оны "соққы салдарынан өлді" деп есептейтін анасы полиция қызметкерлерін қылмыстық жауапқа тартқысы келеді. Адвокаттың айтуынша, Рейбантқа күш қолданылғанын медицина қорытындысы дәлелдеген. Марқұмның басы мен денесіне соққы жасалғаны анықталған.