Accessibility links

Сот Қаңтар оқиғасына байланысты шартты түрде сотталған белсендінің өтінішін орындамады


Қаңтар оқиғасына байланысты "Жаппай тәртіпсіздік" айыбы тағылған азаматтық белсенді Ерғали Құлбаев сот залында. Шымкент, 18 мамыр 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына байланысты "Жаппай тәртіпсіздік" айыбы тағылған азаматтық белсенді Ерғали Құлбаев сот залында. Шымкент, 18 мамыр 2022 жыл.

13 шілде күні Шымкент қалалық соты Қаңтар оқиғасына байланысты «Жаппай тәртіпсіздік» бабымен 4 жылға шартты түрде сотталған азаматтық белсенді Ерғали Құлбаевты ақтау туралы апелляциялық шағымды қанағаттандырмады.

«Саяси белсенділігім үшін қудаландым» деп санайтын 36 жастағы Құлбаевты ақтау туралы апелляциялық шағымды сотқа адвокаты Бақытжан Сатыбалдиев түсірген. Оның пікірінше, Құлбаев заңсыз сотталған.

"Іс бойынша үш куәнің жауабы үтір, нүктесіне дейін бірдей. Құлбаев Қаңтар оқиғасына қатысқанымен жұртты жаппай тәртіпсіздікке шақырмаған. Іс құжаттарында шақырғаны жөнінде дәлелдер жоқ. Қылмыстық-процестік кодекс өрескел бұзылған" деді адвокаты Азаттыққа.

Қалалық соттың қылмыстық істер бойынша алқасы адвокаттың уәждерін негізсіз деп тапты. Сот Еңбекші аудандық сотының Құлбаевты Қылмыстық кодекстің «Жаппай тәртіпсіздік» бабымен кінәлі деп тауып, 4 жыл шартты жазаға тарту туралы үкімін күшінде қалдырды.

Еңбекші аудандық соты үкімді 18 мамырда шығарған. 9 қаңтардан бері тергеу изоляторында тұтқында отырған Құлбаев үкім оқылғаннан кейін сот залынан босатылған.

Құлбаев қаңтарда бейбіт наразылық шеруіне билікке саяси талап қойғанын, бірақ жаппай тәртіпсіздікке қатыспағанын, тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеген. Соттан өзін ақтауды сұраған.

Шымкентте Қаңтар оқиғасына байланысты 86 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Олардың жетеуі - белсенділер. Қамалған жеті белсендінің екеуі - көп балалы ана.

Құлбаевтан бөлек белсенді Молдабай Сәдібековке сот үкім шығарып, үш жылға бас бостандығынан айырды. Тағы үш белсенді Жанмұрат Аштаев, Қайрат Сұлтанбек, Ләззат Досмамбетованың ісі сотта қарала бастады.

Шымкентте Қаңтар оқиғасы 4 қаңтарда бейбіт шерумен басталып, арты жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Оқиға кезінде 20 адам қайтыс болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG