Accessibility links

Өзбекстаннан Ресейге баратын мигранттар саны 5,6 есеге азайды


Өзбекстанда азаматтарды ұйымдастырып Ресейге жұмысқа жіберу 5,6 есеге азайды. Есесіне Оңтүстік Кореяға баратындар легі артқан. Бұл туралы жергілікті басылымдар Өзбекстанның сыртқы миграция агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, мекеме 2022 жылдың алғашқы алты айында 7101 адамды шетелге жұмысқа жіберген. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда төрт есеге аз.

Өзбекстан азаматтары жұмысқа кетіп жатқан елдердің ішінде Ресей алдыңғы орында тұр. Бірақ биыл олардың саны 22 мың 092-ден 3906-ға дейін, яғни 5,6 есеге азайған.

Қазақстанға баратындар мүлде жоқ десе де болады, (3354-тен 53-ке дейін азайған), ал Оңтүстік Кореяға баратындар 826-дан 2687-ге дейін көбейген. Өзбек азаматтары кетіп жатқан елдер қатарына жаңадан Сербия (410 адам), Германия (31 адам) қосылған.

Ресейден ақша аударымы қысқарған шақта сәуір айында макроэкономиканы зерттеу және болжам институты еңбек миграциясының жаңа бағыты туралы зерттеу қорытындысын таныстырған. Зерттеу авторлары Польша, Болгария, Литва, Чехия және Еуропа мен Азияның өзге мемлекеттерін дамып келе жатқан жаңа бағыт ретінде атайды.

2021 жылы сыртқы миграция агенттігі арқылы шетелге 108,5 мың адам жұмысқа тұрса, олардың 28,8 мыңы қаңтар-маусым айлары аралығында кеткен.

Еуропа қайта құру және даму банкінің болжамынша, Ресейден келетін ақша аударымы Өзбекстан қазынасына шетел валютасы түрінде түсетін кірістің маңызды бөлігі. (Жалпы ішкі өнімнің 11,4 пайызыны құрайды).

Жұмыспен қамту және еңбек қатынасы министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы Ресейде миллионнан астам еңбек мигранты болған. Ай сайын бір мигрант еліне 453 доллар жіберіп отырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG