Accessibility links

"Ақшаға бола ма, әлде азаматтық үшін бе?" Ресей азаматтығын алған қырғыз мигранттар Украинаға қарсы соғыста жүр


Соғыста күйреген Ресей әскери танкілері. Сумы облысы, Украина, 7 наурыз 2022 жыл. Украина қарулы күштерінің баспасөз қызметі жариялаған сурет.
Соғыста күйреген Ресей әскери танкілері. Сумы облысы, Украина, 7 наурыз 2022 жыл. Украина қарулы күштерінің баспасөз қызметі жариялаған сурет.

Сарапшылар Қырғызстан мен Орталық Азияның басқа да елдерінен Ресейге барып, сол елдің азаматтығын алған адамдарды билік Украинадағы соғысқа жіберіп жатқанын айтады. Кейбірі бұған ақша үшін барса, кейбіріне Ресей билігі азаматтықтан айыратынын айтып сес көрсеткен.

Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласының 25 жастағы тұрғыны Сардарбек Маматиллаев бірнеше ай бұрын Ресей азаматтығын алған. Ол жуырда жергілікті әскери ведомстводан шақырту алғанын, олардың сес көрсеткеніне қарап, өзін Украинаға жіберуі мүмкін екенін айтады.

"Әскери ведомствоға баруым керек деді. Әйтпесе Ресей азаматтығынан айрылатынымды айтты" деді Маматиллаев Cabar.asia сайтына.

Ресейдегі ұлты қырғыз басқа да азаматтар мен белсенділер Орталық Азия елдерінен, әсіресе, Қырғызстаннан шыққан Ресей азаматтарын билік Украинадағы соғысқа жібергенін Азаттыққа растады.

Ресейдегі ұлты қырғыз жұмысшы мигранттар арасында ақша үшін немесе Ресей азаматтығын алу процесін жылдамдату үшін де соғысқа аттанып жатқандар бар.

"Көбі ақша үшін келісімшартқа отырды, оларға жақсы төлейді деп естідім" дейді мигранттар құқығын қорғаумен айналысатын қырғыз адвокаты.

Аты-жөнін атамауды сұраған адвокат "азаматтық алғысы келгендер арнайы жарлықпен бірден азаматтық алып, Ресей әскері қатарында Украинадағы соғысқа кеткенін" айтады.

Ресей армиясымен келісімшартқа отырғандар қанша ақша төлейтіні белгісіз. Бірақ соғыстың алғашқы күндері Өзбекстан азаматы Азаттыққа 50 мың рубль (шамамен 650 доллар) жалақымен үш айға келісімшартқа отырғанын, Украина шығысында әскери жүк көлігін жүргізгені үшін Ресей азаматтығын алу мүмкіндігі туатынын айтқан.

Ол "біршама өзбек" пен Орталық Азия елдерінен шыққан азаматтар Украинадағы соғысқа қатысып жатыр дейді.

Соғысқа қатысып жатқан Ресей әскері қатарында Орталық Азия елдерінен шыққан қанша адам бары белгісіз.

Маматиллаев Ресей азаматтығын алмас бұрын Қырғызстанда әскери борышын өтеген. Бірақ соған қарамастан ол Ресейде де әскерде болуы міндетті дейді адвокат.

Ресей заңына сәйкес, Ресей азаматтығын алған адам өз елінде әскерде болғанына қарамастан, міндетті түрде әскери борышын өтеуге міндетті.

Ресейдегі мигранттар құқығын қорғаумен айналысатын Валентина Чупик Азаттыққа әскери ведомстводан шақырту алған Қырғызстаннан шыққан ресейлік азаматтардың кеңес сұрағанын айтады.

"[Билік] олардан келісімшартқа отыруды талап еткен. Егер қол қоюдан бас тартса, [билік оларға берілген Ресей] азаматтығын жоятынын айтқан" деді ол Азаттыққа.

УКРАИНАДА ҚАЗА ТАПҚАНДАР

Жақында Украинадағы соғыста қаза тапқан Орталық Азиядан шыққан бірнеше адамның сүйегін туған жеріне жеткізді.

25 наурызда 20 жастағы Егемберді Дорбоев Қырғызстанның Ыстықкөл облысындағы Қараой ауылында жерленді.

Ресей әскері құрамында Украинаға соғысқа барғанда қаза тапқан 20 жастағы Егемберді Дорбоевты жерлеу рәсімі. Ыстықкөл облысы, Қараой аулы, Қырғызстан.
Ресей әскері құрамында Украинаға соғысқа барғанда қаза тапқан 20 жастағы Егемберді Дорбоевты жерлеу рәсімі. Ыстықкөл облысы, Қараой аулы, Қырғызстан.

Ресей азаматтығын алған Дорбоевты былтыр күзде Ресейдегі Норильск қаласына әскерге шақырған. Ол соғыс басталғаннан кейін екі аптадан соң, 8 наурызда Украинада қаза тапты.

Норильск қаласының мэрі Дмитрий Карасовтың сөзінше, Дорбоев "келісімшартқа отырып, Украинамен шекарадағы Белгород облысында арнайы барлау батальонында әскери қызмет атқарған".

Қырғызстан мен Орталық Азияның басқа да елдерінен шыққан ресейліктер билік соғысқа жібере ме деп үрейленіп, Ресейден кетіп қалған.

Дорбоевты жерлегеннен кейін екі күннен соң Шу ауылына Украинадан тағы бір адамның сүйегін әкелді. Қара-Балтада туған 26 жастағы Рустам Зарифулин 14 наурызда Украинада қаза тапқан. Қырғыз баспасөз құралдары оның отбасына сүйеніп, Зарифулиннің Ресей әскерінде келісімшарт бойынша қызмет атқарғанын хабарлады.

Туыстарының сөзінше, Зарифулин Украинаның шығысындағы Изюм қаласында қаза тапқан. Бұл қалада бірнеше апта бойы Украина мен Ресей күштері арасында шайқас болып жатыр.

Тәжікстанға да Украинадан соғыста қаза болған екі адамды жеткізген. Екеуі де Ресей әскерінің құрамында болғанын туыстары растады.

Кейінгі жылдары Орталық Азиядан шыққан жүздеген мың адам Ресей азаматтығын алған. Яғни, осынша адам соғысқа шақыртылуы мүмкін.

Орталық Азиядан шыққан жүз мыңдай мигрант Украинадағы соғыс пен Батыс елдерінің Ресейге салған санкциялары салдарынан жұмыссыз қалған соң еліне оралған. Бірақ көбі отанында жағдай жоқ болғандықтан Ресейде қалған.

Ресейдегі мигранттар құқығы үшін күресіп жүргендер белсенділер Ресей азаматтығын тез аласың деген уәдеге малданып, сол елдің әскері қатарында соғысқа аттанатын мигранттар көбеюі мүмкін деп қауіптенеді.

Бірақ Ресейдің Украинада бастаған қантөгісіне қатысуға олардың бәрі бірдей құлықты емес.

Ресми дерек бойынша, Ресейде жүздеген мың Қырғызстан азаматы жұмыс істеп жатыр. Бұрынырақта Қырғызстан парламенті депутаты Айбек Осмонов Қырғызстаннан шыққан 600 мыңдай адам Ресей азаматтығын алған деп мәлімдеген еді. Олардың бес пайызы немесе отыз мыңдай ер адам әскери қызметке жарамды саналады дейді Осмонов.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Элиза Кененбаеваның материалынан аударылды.

в

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG