Accessibility links

Қайрат Құдайберген депутат мандатынан айырылды, оны қамау мерзімі 21 тамызға дейін ұзартылды


Алматы мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген.
Алматы мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген.

Алматы соты сәуірде Қаңтар оқиғасына байланысты қамалған Қайрат Құдайбергеннің қамау мерзімін тағы бір айға созды. Бұл жөнінде Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі Азатыққа хабарлады.

21 шілдеде Алматы тергеу соты оның қамау мерзімін 21 тамызға дейін дейін созу туралы қаулы шығарды.

Бұған дейін экс-депутаттың қамау мерзімі екі рет ұзартылған. Бастапқыда екі айға – 21 маусымға дейін, кейін тағы бір айға 21 шілдеге дейін созылған.

Осы аптада Қайрат Құдайбергеннің Алматы мәслихаты депутаты мандатынан айырылғаны да белгілі болды. Оны "Аманат" (бұрынғы "Нұр Отан") партиясынан шығарғаны жайлы да хабарланды. Қайрат Құдайберген 2021 жылы Алматы қаласы мәслихатының депутаты болып сайланған.

Экс-депутаттың ұсталғаны 22 сәуірде белгілі болған. Алматы прокуратурасының мәлімдеуінше, Қаңтар оқиғасы кезінде Құдайберген қамауда отырған "Дикий Арман" деп аталып кеткен Арман Жұмагелдиевтің жанында болған, "Қазақстан" қонақ үйіне адамдарды жинап, "жаппай тәртіпсіздікке қатысқан". Қаңтар оқиғасы кезінде түсірілген видеолардан Құдайберген мен Жұмагелдиевтің жүргендері байқалады. Ақпанда аты-жөнін айтқысы келмеген ер адам Азаттыққа "Қазақстан" қонақ үйінде соққыға жығылғанын айтып, депутаттың әрекетін тергеуге үндеген.

Ақпан айында Қайрат Құдайбергеннің өзі "Арманмен таныстығы жоғын, тәртіпсіздік кезінде алаңда көргенін, ол жаққа халықты басу үшін барғанын" айтқан.

Депутат ұсталғаннан кейін ақпарат құралдары көктемде күдіктінің адвокатына сүйене отырып, тергеу органдары Құдайбергеннен "тергеуге қажет жауап алу үшін" қысым жасап жатқанын хабарлаған. Артынша жергілікті БАҚ жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ведомствоаралық тергеу-жедел тобының қызметіне іс қозғағанын жазды.

XS
SM
MD
LG