Accessibility links

"Elge Qaitaru" қоры Қазақстан байлығын иеленген 162 адамның аты-жөнін атауды талап етті


Кәсіпкер, саясаткер Болат Әбілов және Elge Qaitaru қор ықұрылтайшыларының бірі Оразалы Ержанов. Алматы, 27 шілде 2022 жыл.
Кәсіпкер, саясаткер Болат Әбілов және Elge Qaitaru қор ықұрылтайшыларының бірі Оразалы Ержанов. Алматы, 27 шілде 2022 жыл.

Бүгін, 27 шілдеде Алматыда "Elge Qaitaru" қоғамдық қорының ресми тіркелгені хабарланды. "Ешқандай саяси жоба емес, ешқандай партияға қатысы жоқ қордың мақсаты – елден ұрланған ақшаларды елге қайтару" дейді қор құрылтайшыларының бірі Оразалы Ержанов.

- Билік көктемде президент тапсырмасымен экономика ресурстарының заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия құрған. Комиссия құрамына кімдер кіретіні хабарланған жоқ. Тек лауазымдары ғана белгілі. Бір білгеніміз комиссия жетекшілерінің бірі – Ұлан Байжанов екен. Бұл азамат Тимур Құлыбаевтың командасында жұмыс істегені белгілі, сондықтан Қазақстаннан шығарылған активтерді кері қайтаруда шынайы күрес болады дегенге сенбейміз, - дейді қор құрылтайшыларының бірі, тіркелмеген "Біздің таңдау" партиясының жетекшісі Болат Әбілов.

Қор өкілдері Ұлан Байжановты комиссия құрамынан алып тастауды сұрап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған.

- Біз, Назарбаев мырзамен байланысты "Тұңғыш президент қорының" жұмысына да назар аударуды сұраймыз. Алғашында білім беріп, мәдениетті дамытуды мақсат еткен қор, кейін бизнес, қаржы, банк, қонақ үйлер, аяхта және тағы басқалармен айналысып кетті. Ақпарат құралдарында шыққан түрлі зерттеулер 8 миллиард доллар туралы айтады, - дейді Әбілов.

Биыл қаңтарда ірі бизнес өкілдерімен кездесу кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан байлығының жартысынан астамы 162 адамның қолында, ал Қазақстан халқының жартысының ай сайынғы кірісі 50 мың теңгеден аспайды" деген еді. "Elge Qaitaru" қоры өкілдері президент осы 162 адамның есімін атауды, олар өздері иелік ететін дүние-мүліктің заңды жолмен табылғанын дәлелдеуі керек деп отыр.

Қор өкілдері ақпарат құралдарына таратқан хабарламада "қоғамдық қор Қазақстанның мұнай саласындағы күмәнді мәмілелерді де зерттеуді" көздеп отыр деп жазған.

"CNPC-Ақтөбемұнайгаз" АҚ-ның мемлекетке тиесілі акцияларының пакетін (25,12%) 2003 жылы Қазақстан қор биржасында төмендетілген бағамен сату мәмілесі, соның нәтижесінде (экс-президенттің күйеу баласы – ред.) Т. Құлыбаевтың сенімді өкілі Арвинд Тику 165,9 млн АҚШ долларын заңсыз иемденген" деп жазылған хабарламада.

Ұзақ жыл бұрын осыған ұқсас мәліметтерді бірқатар қазақстандық оппозициялық басылымдар жазған. 2,2 миллиард доллар байлығымен 2021 жылы Сингапурдағы ең бай адамдар арасында 18-орын алған 51 жастағы үндістандық Арвинд Тикудың Тимур Құлыбаевтың жақын бизнес әріптесі екенін халықаралық басылымдар көп жазған. "Күмәнді мәмілелер" туралы қор хабарламасында елдегі өзге де ірі мұнай компанияларының аты аталады.

Қаңтар оқиғасынан кейін елде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның әулетінің "ұрлаған қаржысын" елге қайтару мәселесі жиі көтеріле бастаған еді. Елде "миллионерлер, байлар" деген ұғымы көбіне бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен айналасындағы адамдарға қатысты қолданылады. Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы әлсіреп, оның туыстары мен маңындағы шенеуніктердің қызметтен алынғаны туралы ақпарат жиілеген. Ұрланған қаржыны елге қайтару мәселесін Тоқаев та жиі айтқанмен кейбір сарапшылар оның тиімді жүзеге асатынына күмән келтіреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG