Accessibility links

Орал тұрғындары биліктен психотропты заттарды саудалауға тыйым салуды талап етті


Наразы тұрғындар. 26 шілде 2022 жыл.
Наразы тұрғындар. 26 шілде 2022 жыл.

26 шілдеде кешке Оралда көп қабатты тұрғын үйлердің бірінде тұратын 50 шақты адам биліктен ауруды басатын психотропты зат – "Трамадолды" сатуға тыйым салуды талап етті. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, препаратты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінде сатады.

Сейсенбі күні тұрғын үй ауласында өткен жиналыста наразылар "Трамадола" және "Тропикамида" дәрілері былтыр желтоқсаннан бері саудалана бастағанын айтты.

— Тұрғын үйдің подъезінен көп бөтен адамдарды көре бастадым. Комендант "сіздер жақта "Трамадол" сатады, бәрі содан басталды" деді, – дейді тұрғындардың бірі Анастасия Кравцова.

Оның айтуынша, есікке домофон орнатылса да бөтен адамдар подъезге оңай кіріп, препараттың қабын тастап кетеді. Оның сөзіне қарағанда, тұрғын үйде тұратын адамдар мен келгендер жиі дауласып, кейде төбелесіп те қалады.

—Кішкентай екі балам бар, солар үшін қорқамын. Балаларымды тіпті нанға немесе қоқыстарды шығаруға жібермеймін. Кешке жақын үйден шықпай отырамыз, тіпті ересектердің өздері қауіптенеді. Подъезде әрдайым бөтен біреулер жүреді, олар өздерін дөрекі ұстап, қоқыс лақтырып кетеді. Солармен өзім ұшырасып та қалдым: мені қорқытты, – дейді наразылардың бірі Әлия Дермешова.

Тұрғындардың айтуынша, жетінші қабаттағы пәтерде бірнеше рет тінту болып, полицейлер блистерлі таблеткалар мен сұйықтығы бар шөлмекті ("Трапикамид" болуы мүмкін) тәркілеген. Бірақ бірнеше сағаттан кейін пәтерге тағы жаңа "дәрілер" жеткізілген.

Олардың айтуынша, полицейлер дәрі сататындарды жауапкершілікке тарта алмайды, себебі дәрі саудасы олар келгенге дейін аяқталып қояды.

Жиналыста болған прокуратура өкілі Әлібек Жұмағұлов тұрғындардың сұрақтарына жауап бермеді. Ол наразыларға "заңсыз жиналыс" жасағаны үшін әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін екенін ескертті.

Құрамында есірткі бар препараттарды заңсыз сату мәселесін көтеріп жүрген қоғамдық ұйымға жетекшілік ететін заңгер Аслан Өтепов дәріханаларда "Трамадолды" рецептісіз сату қаланың ірі мәселелерінің бірі деді.

Оның мәліметінше, қазір қаладағы 30 шақты тұрғын үй және пәтерде "Трамадол" мен "Тропикамид" сатады. Оны кез келген адамға рецептісіз сата беретін бірнеше дәріхана бар.

Аслан Өтеповтің айтуынша, олар еріктілер, қоғам белсенділері, полиция, прокуратура, ішкі саясат бөлімінің өкілдерінен құралған топ құрған. Аталған топ үйлерді аралап, дәріні заңсыз сату фактілерін тіркейді. Жуырда сондай орын табылып, препараттар тәркіленген.

Қазақстанда "Трамадол" мен "Тропикамид" дәрілері есірткі заттар тізіміне енбеген. Сәйкесінше оны таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Елде осы дәріні лицензиясыз сатқандарға әкімшілік жаза қарастырылған. Орал полициясы дәріні заңсыз сатқандарға тек айыппұл сала алатынын айтты.

—Қазір осы препараттарды есірткі заттар тізіміне енгізуге күш салып отырмыз, себебі олар дәл есірткі заттар сияқты әсер етеді. Бірақ бұл мәселе бойынша шешім қабылданбады. Күтіп отырмыз, – деді Өтепов.

Жиналысқа келгендер бұрын бас прокурор Берік Асылов пен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жолдаған. Олар хатта заңнаманы өзгертіп, "Трамадолды" есірткі заттардың тізіміне енгізуді сұраған.

Азаттық тілшісі "Трамадол" мен "Тропикамид" дәрілерін сататын тұрғындармен сөйлесе алмады.

"Трамадол" — қатты ауырған кезде ауруды басу үшін қолданылатын синтетикалық анальгетик. Ол адамның жүйке жүйесіне әсер етеді. "Тропикамид" құрамында атропин бар табиғи алкалоид.

XS
SM
MD
LG