4 тамызда Қазақстан халқы ассамблеясының Ақтаудағы ғимараты алдына он шақты белсенді жиналып, "саяси тұтқын", Жаңаөзендегі жұмыссыз жастар лидері Ержан Елшібаевты босатуды талап етті. Оларды сол жерден полиция ұстап алып кетті. Бұл туралы Азаттыққа белсенділердің бірі хабарлады.
Белсенділер сонымен бірге тағы бірнеше талап айтты. Атап айтқанда, Жетісу облысы Жаркент маңында "зорланған, артынша өлтірілген" 15 жасар қыздың өліміне байланысты істі әділ, толық тергеуді, әскердегі сарбаздар өлімінің себебін ашық айтуды, Бейнеудегі теміржолшылардың талабына назар аударып, кінәлілерді жазалауды да талап етті.
Жиналғандар арасында Жаңаөзеннен Ақтауға арнайы келген Жадыра Досекеева, Нұргүл Тәңірбергенова, Руслан Жұмабаев, Мерей Қорбақов, Назгүл, Нұрлан есімді белсенділер бар.
– 15 жасар қыз баланы өзге ұлттың өкілі зорлаған. Сондықтан ассамблея ғимараты алдына арнайы бардық. Біз оны жауып тастамай толық тергеуді талап етеміз. Бұған қоса, бүгін Ержан Елшібаевтың соты болды. Ол жұмыссыздық мәселесін қозғағаны үшін істі болып отыр. Тағы жыл жамамақ. Босатуды талап еттік,- деді белсенділердің бірі Жадыра Досекеева.
Бірақ олар ұзақ тұрмады. Жарты сағат уақытқа жетпей, Ақтау қаласы әкімдігі мен прокуратура өкілдері келіп "шараның заңсыз екенін" айта бастады.
– Мен жеті рет митинг өткізуге арыз тапсырдым, бірде-бір рет рұқсат бермеді. Содан соң осы жерге келiп тұрмыз, - деді Жадыра Досекеева.
Тағы бір видеода арнайы жасақтың жиналғандарды ұстап алып кеткені көрінеді. Белсенділердің айтуынша, алдымен Руслан Жұмабаев пен Мерей Қорбақовты алып кеткен, кейін қалған адамдарды полиция көлігіне салып Ақтау қалалық полиция бөлімшесіне апарған.
Азаттық тілшісі Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқан еді. Олар жағдайды анықтайындарын айтқанмен, кейін тұтқаны көтермеді.
Жадыра Досекеева бейсенбі күні түстен кейін Азаттыққа полицияның белсенділер үстінен "заңсыз митингіге қатысу" бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырғанын, сотты күтіп отырғанын хабарлады.
Құқық қорғаушылар Қазақстанда азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу хақы әлі күнге шектеліп отырғанын сынайды. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Ал "рұқсат етілмеген" шараға келгендер әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады.
Халықаралық қауымдастық Қазақстан билігінен "Бейбіт жиын өткізу туралы" заңды қайта қарап, халыққа өз ойын еркін айтуға кедергі келтірмеуді талап етіп келеді. Нұр-Сұлтан елдегі бейбіт жиындар туралы заң халықаралық талаптарға сай деген уәж айтады.
ПІКІРЛЕР