Accessibility links

Шолақай ауылындағы 15 жастағы қыздың қазасы жайлы не белгілі? Жағдайдың жай-жапсары


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Жетісу облысы Жаркент маңындағы Шолақай ауылында 15 жасар қыздың өлімі елді дүр сілкіндірді. Алдын ала ақпарат бойынша, оны ауылдасы зорлап, пышақтап өлтіріп, мәйітін өртеп, көміп тастаған. Қыздың сүйегі табылған соң Шолақай ауылында тұратын 38 жастағы ер адам күдікке ілініп, қамауға алынды.

"АНАСЫНЫҢ ҚОЛҚАНАТЫ ЕДІ"

Қазақтар мен ұйғырлар тұратын Шолақай ауылындағы мектепте 9-сыныпты тәмамдаған оқушы қыз 21 шілдеде құрбысына кетіп оралмады. Жақындары ертеңінде полицияға қайырылып, іздеу жұмыстары басталған. Ал 29 шілдеде қыздың мәйіті ауыл маңынан табылды. Ал осы ауылдың 38 жастағы тұрғыны күдікке ілініп, қамауға алынып, оның үстінен "Адам өлтіру" бабының үш тармағы (адамды ұрлап өлтіру, қылмысты жасыру үшін өлтіру, кәмелетке толмаған адамды өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

– Жалғыз күдіктіні қамауға алу туралы соттың санкциясын алдық. Басқа уәждерін тергеп жатырмыз. Қылмыстық іске бірнеше адамның қатысқаны жөнінде тараған ақпарат жалған, – деді тергеуші Бақдәулет Тоқтабақыт Азаттыққа.

30 шілде марқұм жерленген күні желіде күдіктінің осыған дейін "бір рет қыз зорлап сотталғанын, бірақ уақытынан бұрын қамаудан шыққаны"; "екінші рет зорлаған қызбен кейін үйленгені" жайлы сөздер шыққан.

Тергеуші Бақдәулет Тоқтабақыт Азаттыққа күдіктінің екі рет сотты болғанын растады, бірақ бірінші іс бойынша ашып айтпады.

– Күдікті екінші рет қозғалған қылмыстық істе тараптардың татуласу себебінен сот залынан босатылған. Кейін оның жәбірленушіге үйленгені рас. Қазір ол ажырасқан, балалары туралы ақпарат бере алмаймын. Қазір екі тарап жөнінде де түрлі жалған ақпарат тарап кетті. Сондықтан тек құқық қорғау органдары таратқан ақпаратқа сеніңіздер, – дейді тергеуші.

Оқиғадан соң әлеуметтік желіде марқұм қыздың отбасының "әлеуметтік жағдайы төмен, анасының жұмыс істеуге денсаулығы жарамайды, қыз сол үшін күдіктінің кафесінде даяшы болып жұмыс істеген" деген де сөз тараған. Алайда марқұмның нағашысы да, ауылдастары да қыздың жұмыс істегенін жоққа шығарды.

– Үйдің үлкені 26 жаста, Алматыда жұмыс істейді. [Қайтыс болған қыз] – үйдің үшінші перзенті еді, ашық мінезді, сабақта үлгерімі жақсы еді, анасының қолғанаты болып, сол үйдің бар шаруасын істеп жүретін. Ол жоғалып кеткенде әкесі көрші ауылда жұмыста жүрген. Анасының ауыратыны рас, бірақ жұмысқа жарамайтынын білген жоқпын. Әпкесі, інісі және сіңлісі бар. Үйдің кішкентайы бір әлде екінші сыныпты бітірді, – деді есімін атағысы келмеген туысы.

Ал Шолақайда тұратын тағы бір тұрғын марқұм болған қыздың жуас, биязы болғанын айтады.

– Анасының денсаулығы нашар, ауруына дәрігерлер диагноз қоя алмай келеді, апармаған жері жоқ. Қазір арықтап, қол-аяғының күші қалмаған. Сол үшін қыз бала үнемі үй шаруасына мығым болды, бауырларына қарады. Оның кафеде даяшы болғанын естімедім, үнемі үйінде жүретін. Ауылдағылардың айтуынша, күдікті еркек қызға қоңырау шалып, сыртқа әңгімелесуге шақырған-ау деймін. Бір-екі рет телефонмен сөйлесіпті. Аңқау қыз оған сеніп шығып, алданып қалған деп ойлаймын, – дейді атын атамауды сұраған тұрғын.

"АУЫЛ ТЫНЫШ"

Осы оқиғадан кейін Шолақай ауылына арнайы жасақ келіп, қауіпсіздік шарасы күшейген. Есімін атағысы келмеген тұрғын қазір (Азаттық тілшісі тұрғынмен 1 тамызда тілдесті) ауылда әскерилер әлі жүргенін айтты.

– Жаңа ғана тұрғындар болып ауылда жүрген әскерилерге ас-су беріп келдік. Ауыл тыныш, тек сырттан келгендер тыныштықты бұзады. [Сырттан келген] адамдар топ болып келіп, шу шығарғысы келді. Әйтпесе біздің ауылдың тұрғындары тату, – дейді ол 1 тамызда Азаттыққа.

Шолақай ауылы қарайтын Панфилов аудандық полициясы өкілі 31 шілдеде Азаттыққа ауылға 80 шақты полицей кіргізілгенін айтқан.

"Кеше (30 шілде) интернет өшірілген. Бүгін, 31 шілдеде қалпына келді. Ешқандай төбелес болған жоқ" деген еді өзін Құрманалиев деп таныстырған полиция өкілі.

Қазақстанда бұған дейін зорлық-зомбылық оқиғалары кезінде тұрғындар жиналып, күдіктіні сотқа дейін өздері жазалауға әрекет жасаған сәттері болған. Мәселен, 2020 жылы шілдеде Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында бір ер адам кішкентай қызды зорлап, кейін тұрғындар оны өздері жазалмақ болған. Оқиғаның арты жаппай тәртіпсіздікке ұласып, полиция ғимараты мен көліктері қираған.

"КҮДІКТІНІҢ ҮЙІНДЕ ЕШКІМ ҚАЛМАДЫ"

Азаттық тілшісі күдіктінің жақындарымен тілдесуге тырысқанымен мүмкін болмады. Ал ауылда тұратын тағы бір тұрғынның айтуынша, марқұмның туыстары күдіктінің отбасын басқа жаққа көшіруді талап еткен соң олар ауылдан кетіп қалған.

– Қазір күдіктінің үйінде ешкім қалмады. 70 жасқа жақындаған аурушаң анасы мен баласын туыстары басқа жаққа алып кетті. Әкесі мен ағасы қайтыс болған. Екінші әйелімен ажырасқанына бір жылдай уақыт болды. Ол екі баласын алып, басқа ауылға көшіп кетті. Бірінші әйелінен бір балалы болды. Ол әйел баласын осы үйге тастап, кетіп қалды, – дейді ол.

Тұрғын Азаттыққа күдікті жеңіл көлігімен Шолақай мен Жаркенттегі базар арасында жолаушы тасымалдағанын да айтады.

– Жұмысынан босағанда малын бағады. Отбасының жалғыз асырушысы еді. Біз де оның көлігімен ауыл арасында қатынап жүрдік. Өз басым, жаман қылығын, қыздарға қырындағанын да көрген емеспін. Өз шаруасын істеп жүретін, – дейді ол.

Шолақайдағы қыздың қазасынан соң желіде "бұрын істі болған адамға қадағалау болмағанын, оның бұрын жазадан құтылып кеткенін" сынағандар көп болды.

Бұған қатысты Қазақстан ішкі істер министрлігі де, жергілікті полиция бөлімшелері де әзірге ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

"ОРГАНДАР БҰРЫН ІСТІ БОЛҒАН АДАМДЫ БАҚЫЛАУДА ҰСТАУЫ ТИІС"

Зорлық-зомбылық құрбандарына көмек беретін "НеМолчиKZ" қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі "органдар бұрын қылмыстық істе тартылып, істі болған адамды босатса да, бақылауда ұстауы тиіс" деп санайды. Ол Қазақстандағы тұрмыстық, жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңның әлсіз екенін, азаматтардың құқығы көп жағдайда қорғалмай қалатынын айтады.

– АҚШ-та балаларды зорлағандарды арнайы белгілейді (2017 жылы АҚШ билігі балаларды зорлағандардың паспорттарына арнайы белгі қою шешімін қабылдаған – Ред). Оларда мемлекет бірінші педофилді емес, оның айналасындағы азаматтарды қорғайды. Ал бізде керісінше, заң бірінші кезек олардың жеке басын қоғамнан қорғайды, жүзін жасырады. Бізде қызы зорланса, заң бірінші ата-анасын жазалайды. Мамырда сондай жағдай болды. Қылмыскер қызды өлтіріп, денесін өртеген. Сол кезде сот ата-анасына қызы кешкі уақытта үйінен тыс жерде жүргені үшін айыппұл салды. Міне, біздің жүйе осындай. Сол үшін педофилдерге қарсы заңды қатаңдату керек. Әуелі Қазақстанға тұрмыстық бопсалау, зорлық-зомбылық туралы жеке заң қажет. Біздің қоғамдағы адамдар жеке шекараны бұзу қылмыс екенін түсінбейді. Үйде де, қызметте де, ауруханада да әйелдердің және балалардың жеке шекарасы жиі бұзылады. Бұл туралы ешбір кодексте жазылмаған. Тұрмыстық бопсалау қылмысқа, яғни, зорлауға, ең сорақысы өлтіруге дейін апарады, – дейді ол.

Құқық қорғаушы Шолақайдағы оқиғаға ең әуелі қатаң заңның жоқтығы, зорлық-зомбылық айыбымен істі болғандарды қадағаламау себеп деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG