Accessibility links

Ақтау соты саяси тұтқындарды босатуды талап еткендерді әкімшілік жазаға тартты 


Ақтауда Қазақстан халқы ассамблеясының алдында "саяси тұтқын" Ержан Елшібаевты босатуды, Жаркенттегі қайғылы оқиғаны әділ тергеуді, Бейнеудегі теміржолшылар талабына құлақ түруді талап еткен белсенділерді көп ұзамай полиция ұстап әкетті. 4 тамыз 2022 жыл.
Ақтауда Қазақстан халқы ассамблеясының алдында "саяси тұтқын" Ержан Елшібаевты босатуды, Жаркенттегі қайғылы оқиғаны әділ тергеуді, Бейнеудегі теміржолшылар талабына құлақ түруді талап еткен белсенділерді көп ұзамай полиция ұстап әкетті. 4 тамыз 2022 жыл.

Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы мамандандырылған қалалық соты бейсенбі күні саяси тұтқындарды босатып, Жаркенттегі зорланған қыз баланың ісін толық тергеуді талап етіп шыққан белсенділердің бірін он тәулікке жауып, басқаларына ескерту берген.

“Осылайша ол бейбіт митинг өткізу туралы заңды бұзып, оны ұйымдастырған (Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 488-бап, 7-тармағы). Сот жазасын тағайындау кезінде оны жеңілдетуге негіздер болған жоқ. Сот қаулысымен Мерей Қорбақов 10 күнге абақтыға қамалды” деп жазылған соттың баспасөз релизінде.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бұдан бөлек сот Айгүл Өтегенова, Нұргүл Тәңірбергенова, Назгүл Өскенбаева, Нұрлан Қарамұрзаевты “рұқсат етілмеген митингіге шықты” (Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 488-бап, 6-тармағы) деп айыптап, ескерту берген. Ал азаматтық белсенді Жадыра Доскееваны бейбіт митингке қатысу тәртібін бұзды және оны бірнеше қайталады” деп айыптап, 35 айлық есептік көрсеткіш (107 205 теңге) көлемінде айыппұл салған.

4 тамызда Қазақстан халқы ассамблеясының Ақтаудағы ғимараты алдына он шақты белсенді жиналып, "саяси тұтқын", Жаңаөзендегі жұмыссыз жастар лидері Ержан Елшібаевты босатуды, Жетісу облысы Жаркент маңында "зорланған, артынша өлтірілген" 15 жасар қыздың өліміне байланысты істі әділ, толық тергеуді, әскердегі сарбаздар өлімінің себебін ашық айтуды, Бейнеудегі теміржолшылардың талабына назар аударып, кінәлілерді жазалауды да талап еткен еді. Бірақ оларды бірден полиция ұстап алып кеткен.

  • Құқық қорғаушылар Қазақстанда азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу хақы әлі күнге шектеліп отырғанын сынайды. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Ал "рұқсат етілмеген" шараға келгендер әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады.
  • Халықаралық қауымдастық Қазақстан билігінен "Бейбіт жиын өткізу туралы" заңды қайта қарап, халыққа өз ойын еркін айтуға кедергі келтірмеуді талап етіп келеді. Нұр-Сұлтан елдегі бейбіт жиындар туралы заң халықаралық талаптарға сай деген уәж айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG