Украина шығысында Донецк қаласынан он шақырым жердегі Пески ауылы маңында қиян-кескі шайқас жүріп жатқаны хабарланды.
Өзін республика жариялап алған "Донецк халық республикасындағы" ресейшіл сепаратистер тобының өкілі Даниил Безсонов 11 тамызда Телеграм арнасында Пескиде "қайнап тұрғанын" жазды.
"Елді мекен біздікі, бірақ поселканың солтүстік-батысында бытыраңқы орналасқан қарсыласу ошақтары қалды" деп жазды ол.
Ал Украина шенеуніктері қала бұрынғыша Украина қарулы күштерінің бақылауында дейді. Зеленский кеңсесінің өкілі Алексей Арестович Ресейдің "Пескиге қарай жылжу талпынысы сәтсіз" аяқталғанын хабарлады.
Соғыс жағдайында бұл ақпаратты тексеру мүмкін емес.
2014 жылы Қырым түбегін басып алғаннан кейін Мәскеу Украина шығысындағы Донецк және Луганск облысының бір бөлігін бақылауға алған сепаратистерге қолдау көрсеткен.
Луганск облысы әскери әкімшілігінің жетекшісі Сергей Гайдай 10 тамыз күнгі сұхбатында Ресей Кремльге жақын "Вагнер" жеке әскери компаниясының жалдамалылары есебінен осы аумақта әскерін көбейтті деп мәлімдеді.
10 тамызға қараған түні Днепропетровск облысының Никопольск ауданы атқылауға ұшырап, 13 бейбіт тұрғын қаза болған. 11 адам жараланған. Бұл жөнінде 10 тамызда Днепропетровск облысының губернаторы Валентин Резниченко хабарлады. Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермактың айтуынша, Ресей әскері Никопольск ауданын өздері жаулап алған Запорожье атом электр станциясы аумағынан атқылаған.