Accessibility links

Шортандыда биліктің Қаңтар оқиғасына қатысқандарды қудалау әдісі туралы айтқан белсендіге үкім оқылды


Ақмола облысының картасы.
Ақмола облысының картасы.

Ақмола облысының Шортанды аудандық соты 12 тамызда "көрінеу жалған ақпарат таратты" және "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған белсенді Айя Сәдуақасованың бостандығын үш жылға шектеді. Бұл жөнінде Адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, Сәдуақасованы Қаңтар оқиғасы кезінде биліктің наразыларды басып-жаншу әдістері туралы айтқан аудиохабарламасы үшін айыптаған. Бұл ақпаратты билік "фейк" деп атаған. Тінтуден кейін екінші қылмыстық іс қозғалған. Тергеу орындары белсендінің ноутбугынан оның елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалыстарына қатысы барын "көрсететін ақпараттар" тапқан. (Бұл екі қозғалысты Нұр-Сұлтан соты "экстремистік ұйымдар" деп танығанмен Еуропарламент "оппозициялық қозғалыс" деп атаған).

Іс бойынша сот 20 шілдеде басталған. 5 тамызда сот Сәдуақасованы үйқамақтан қамауға ауыстырған. Белсенді шешіммен келіспей, аштық жариялайтынын мәлімдеген еді. Ол 13 қаңтардан бері үйқамақта болған.

52 жастағы Айя Сәдуақасова белсенділігімен танымал. Ол Facebook, Twitter парақшаларында билікті сынап, елдегі азаматтық белсенділердің қудалануына қатысты өткір пікірлерін жиі жазады. Оның соңғы жазбаларының бірі Қаңтар оқиғасына қатысты болған. Онда белсенді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты сынаған.

Сәдуақасова белсенділігі үшін бұған дейін де бірнеше рет сотқа тартылып, айыппұл алған. Ол 2020 жылы қазанда "Күш құрылымдарының бассыздығы" мен Қазақстан қылмыстық кодексіндегі 405-бабына ("Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") қарсылық ретінде шаштарын тақырлап алған белсенді әйелдер челленджін қолдап шашын тақырлап алып тастаған.

Адам құқықтары бюросы Ақмола облысында белсенділерге қарсы қылмыстық істі биліктің қаланы "бұрынғыша самарқау күйге" қайтару талпынысы деп атады. Құқық қорғаушылардың ойынша, мұнда кез келген белсенділік "тұрақтылыққа нұқсан келтіру" талпынысы ретінде қабылданады.

27 маусымда Степногорск қаласында сот Бестөбенің экобелсенділері Николай Катчиев пен Александр Назаренконың бостандығын бір жылға шектеген. Оларға "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша айып тағылды. Экобелсенділер өздерін фабриканың тоқтауына қатысы бар деп айыптаған "Қазақалтын Technology" компаниясының мәлімдемесінен кейін бір жыл тергеуде болды. Бұған дейін ауыл тұрғындары "Қазақалтын Technology" компаниясының қоршаған ортаға зиян келтіріп отырғанына шағымданған.

XS
SM
MD
LG