Accessibility links

Сәуір-маусым аралығында Қазақстанға жарты миллионнан астам Ресей азаматы келген


2022 жылы сәуір-маусым айларында Қазақстанға Ресейден 570 мың адам келген. Осы уақыт аралығында шекарадан 4,99 млн Ресей азаматы өткен. Бұл алғашқы үш аймен салыстырғанда 28 пайызға көп. Бұл жөнінде Ресей ФСБ дерегіне сүйенген РБК сайты жазды.

Сайттың хабарлауынша, Ресей азаматтарының постсоветтік елдерге сапары жиілеген, әсіресе Қазақстан, Армения, Грузияға баратындар көбейген.

2021 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда биыл осы кезеңде Ресейден Қазақстанға– 2,9 есе (568 мың адам), Арменияға – 1,5 есе (180 мың), Грузияға 5,7 есе (163 мың) көп адам келген.

Украинада соғыс басталғалы бері аталған елдер ресейліктер мен ресейлік компаниялар жиі баратын бағытқа айналған. Санкцияға байланысты халықаралық төлем жүйелерін пайдалану мүмкіндігінен айырылған Ресей азаматтары "карточка ашу" мақсатында Өзбекстан немесе Армения сияқты елдерге жиі жол жүре бастаған.

Ақпаратқа қарағанда, Армения, Грузия және Қазақстанға барған Ресей азаматтарының басым бөлігі туристік емес, жеке шаруаларымен барған. Осындай мақсатпен Қазақстанға – 494 мың адам (бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 114 мың болған), Грузияға 150 мың (бір жыл бұрын – 19 мың) адам барған.

Еуропа елдеріне бару мүмкіндігі азайған шақта 2022 жылдың екінші тоқсанында Түркияға сапарлайтын ресейліктер былтырмен салыстырғанда үш есеге көбейіп, 1,03 млн адамға жеткен.

"Достық пейілде емес" деп танылған елдерге сапар күрт азайған. ФСБ мәліметінше, былтыр екінші тоқсанда АҚШ-қа 36,7 мың адам кетсе, биыл осы кезеңде 39 адам ғана барған.

Еуроодақ елдеріне сапар да 36 пайызға азайған. Дегенмен Литва (14,7 пайызға көп немесе 66 мың адам), Финляндия (41,7 пайызға көп немесе 145 мың адам), Эстония аумағына (3,6 есе немесе 172 мың адам) жол жүрген ресейліктердің артқаны байқалған. Финляндия мен Эстонияға барғандардың 80 пайызы сапарының мақсатын "жеке шаруа" деп көрсеткен.

XS
SM
MD
LG