Accessibility links

Telegram өкілдері Қазақстан билігімен "заңсыз" контентті жою жөнінде уәделеспегенін мәлімдеді


Telegram мессенжерінің өкілдері Азаттыққа жолдаға хатында "заңсыз" контентті жою жөнінде Қазақстан билігімен "уәделескенін" жоққа шығарды.

"Telegram Қазақстан үкіметімен мұндай келісім жасасқан жоқ. Кез келген қолданушы Telegram қосымшасын пайдалана алады. Telegram шартына нұқсан келтіретін контент жойылады", - деп мәлімдеді компания өкілі Реми Вон.

Кеше КазТАГ цифрлық даму, инновация және аэроғарыщ өнеркәсібі министрлігінің тұжырымдамасына сілтеме жасай отырып, Қазақстан билігі Telegram мессенжерімен, TikTok сервисімен және өзге де танымал халықаралық ресурстармен "заңсыз контентті жою жөнінде" келісімге келгенін хабарлаған еді.

Тұжырымдамада “Аталған интернет-компаниялардың өкілдері құқыққа қайшы контентті жою жөніндегі ұсынысты түсіністікпен қабылдайды” деп жазылғанымен, “олар (әлеуметтік желі) "құқыққа қайшы материалдар жойылғанымен қайта пайда бола береді, яғни мұндай шаралардың нәтижесі шамалы болуы мүмкін деп санайды” деп жазылған.

Қазақстан үкіметі шілденің аяғында ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне мессенжерлер мен әлеуметтік желілердің жұмысына шектеуге құзырет беретін қаулы қабылдаған.

Қаулыда ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Қазақстанда шетелдік онлайн-платформалалардың немесе бір сәтте хабар алмасуға мүмкіндік беретін сервистердің жұмысын шектеуге; қылмыстық жолмен алынған пайданы заңдастыруға (ізін жасыруға), терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға осындай ақпаратты ұсынып, коммерциялық емес ұйымдардың "терроризмді қаржыландыру қаупін" анықтау қызметіне талдау және мониторинг жасауға құқығы бар .

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін сарапшылар мен белсенділер сынаған кибербуллинг туралы заңға қол қойған. Депутаттардың балаларды қудалаудан қорғайтын заңнамалық шаралар туралы ұсыныстары әлеуметтік желілер мен мессенжерлердің иелерін “қудалау, балаға жасалған буллинг” белгілері бар құқыққа қайшы контентті бір тәулік ішінде жоюға міндеттейді.

Заңға сәйкес, Қазақстан аумағында бір айда жүз мың қолданушы кіретін әлеуметтік желілер бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасау үшін өздерінің заңды өкілін тағайындауы тиіс.

“Кибербуллинг туралы” түзету енгізуге қарсы белсенділер петиция жазып, митингілер өткізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG