Accessibility links

Экология министрлігі киікті ақылы аңшылық нысанына айналдыру мәселесін қарастырады


Экология министрлігі келер жылдан бастап киікті ақылы аңшылық нысанына айналдыру мәселесін қарастырып жатыр. Бұл жөнінде 23 тамызда баспасөзге сұқбат берген экология министрі Серікқали Бірекешев айтқан.

- Бұл - ақылы аңшылық. Киіктің "Қызыл кітапта" енгізілген жануар емес екенін бұған дейін айтқанбыз. Қазақстанда киік аулауға 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін тыйым салынған. Бұл мәселе қазір қаралып жатыр, қазан айының соңына дейін шешім қабылдаймыз, - дейді министр сұқбатында.

"Киікті ату" туралы "асығыс шешімінен" кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан сөгіс алған экология министрлігі "ақылы аңшылық алдында" өзге жолдар іздеп, киіктерді басқа өңірлерге көшіру мәселесін қарастырған.

- Өкінішке қарай, ғылыми ізденістер бұл тәсілдің тиімсіз екенін көрсетті. Басқа жаққа айдаған кезде киіктер қырылып қалуы да, жаңа жерді жерсінбей бұрынғы орнына қайта келуі де мүмкін. Сондықтан бұл мәселені доғардық,- деді Серікқали Бірекешев.

Ол қасқырды көбейту арқылы бұл мәселе шешілмейтінін атап өтті, өйткені "қасқыр киіктің ауру мен әлсізін ғана ұстай алады".

- Қасқыр орман санитары саналатыны рас. Сондықтан ол керісінше, киіктің одан әрі көбеюіне ықпал етеді, яғни киіктің әлсізі азайып, күштісі көбейе береді, - деді министр.

Биыл маусымның соңында эколггия министрлігі киік санын реттеу жөнінде шешім қабылдаған. Брекешев "киіктің 10 пайызын реттеу керек. Киіктің Орал тұқымдасы 800 мыңнан асты. Он пайызы 80 мың киік болады" деген.

Осыдан кейін экологтар экология министрлігінің мұндай шарасы киікті жөн-жосықсыз атып, жойып жіберуге дейін жеткізуі мүмкін деген қауіп айтқан.

14 шілдедегі үкімет отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті министрліктерді ойланып шешім қабылдауға шақырған. Бірақ ол киікті атуға рұқсат беру, не рұқат бермеу жөнінде ашық айтпаған.

Қазақстанда киіктің үш тұқымдасы бар, олар: Бетпақдала, Үстірт және Орал тұқымдастары. Кейінгі жылдары үш тұқымдас та көбейе бастаған. Әсіресе Батыс Қазақстан облысының шаруалары айрықша көбейген киік шаруашылыққа зиян келтіре бастағаны жайлы көптеген шағым айтқан. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне қарағанда бұл облыстың үш ауданын мекендейтін киіктер кейінгі екі жылда екі еседен астам көбейіп, 334 мыңнан 842 мыңға дейін жеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG