Accessibility links

Шымкентте көп қабатты үйден өрт шығып, төрт пәтер жанып кетті. 35 адам көшірілген


Бағлан Пердіқұловтың екі бөлмелі пәтері жанып кеткен. Шымкент, 29 тамыз, 2022 жыл

Шымкентте көп қабатты тұрғын үйден өрт шығып, төрт пәтер жанып кеткен, 35 адам басқа жаққа көшірілген.

29 тамызда таңертең Шымкент қаласындағы Республика көшесінің бойында тұрған көп қабатты тұрғын үйдің бірінен өрт шығып, үйдің 35 тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілген. Өрт түске қарай сөндірілген.

Өрт кезінде төрт пәтер мен үйдің сырты, шатыры жанған. Қазір тұрғын үйде жарық, газ сөндірілген.

Шымкент тұрғыны Бағлан Пердіқұлов екі бөлмелі пәтері толық өртеніп кеткенін айтты. Өрт шыққанда ол бала-шағасымен туыстарының үйінде болған.

- Үйіміздің өртеніп жатқанын көршілерімнен естідім. Келсем пәтерім толығымен жанып кетіпті. Ішіндегі заттардың бәрі күлге айналды,- дейді ол.

Тұрғындар өрт "үйдің бірінші қабатындағы тамақтандыру орындарының бірінің мұржасынан шықты ма" деп күдіктенеді.

Өртенген көп қабатты үй. Шымкент, 29 тамыз 2022 жыл
Өртенген көп қабатты үй. Шымкент, 29 тамыз 2022 жыл

Үйдің бірінші қабатындағы дәмхана мен тамақтану орталығы өрттің қайдан шыққанын сараптамадан кейін белгілі болатынын айтты.

Қалалық төтенше жағдайлар департементінің мәліметінше, өрт таңғы сағат он шамасында тұрғын үйдің үшінші және төртінші қабатынан басталған. Өрт үйдің сыртымен бірнеше пәтердің терезелеріне және шатырына жеткен.

Өрт сөндірушілер 35 адамды қауіпсіз жаққа көшірген. Олардың бесеуі - балалар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG