Өзбекстанда театр қызметкерлерінің одағы Ауғанстандағы әйелдердің өмірі туралы "Подпольные девочки" (Underground girls) қойылымын көрсетуге қарсы шықты. Әділет министрлігі араласқаннан кейін қойылымның уақытында өтетіні хабарланды.
Podrobno.uz сайтының жазуынша, театр қызметкерлерінің одағы өкілдері "Ауғанстандағы жағдайды Батыс көзімен көрсету" Өзбекстан мен Ауғанстан арасындағы қарым-қатынасқа кері әсерін тигізуі мүмкін деп мәлімдеген. Сайт ТҚО өкілдерінің хатын да жариялаған.
Сенбі күні күндіз қойылымның шегерілетіні хабарланған кезде қазақстандық белсенді, журналист Әсем Жәпішева да Twitter'дегі парақшасында хабарлап, шешімді сынады.
"Жаңа Өзбекстан" дәл "Жаңа Қазақстан" сияқты – сол баяғы цензура, адам құқығын құрметтемеу" деді оқырмандардың сұрақтарына жауап жазған белсенді.
Сенбі күні кешке қарай Өзбекстан ақпарат құралдары әділет министрлігінің жағдайға араласып, қойылымды шегеруді заңсыз танығанын жазды. Ізінше "Ильхом" театры қойылымның уақытында өтетінін хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, қойылым 10 қыркүйекте Ташкентте уақытында өткен.
"Подпольные девочки" қойылымы тегі швед, Нью-Йоркте істейтін журналист Дженни Нордбергтің The Underground Girls of Kabul: In Search of a Hidden Resistance in Afghanistan (Кабулдағы көрінбейтін қыздар: Ауғанстандағы жасырын қарсылықты іздеу жолында) кітабы мен 2021 жылдың тамызында тәліптер билікке келгеннен кейін елден кеткен босқындар, сонымен бірге қазір елде тұрып жатқан ауған азаматтарының айтқандарына негізделген.
"Қоғам неге ер адамдарға басымдық береді? Ерлер мен әйелдер тең екенін мойындау неге қиын? Қойылым осы сұрақтарға жауап іздейді. "Подпольные девочки" жобасы әйелдердің бас еркіндігінен айырылуының қорқынышты салдарын зерттейді. Қойылым – әзірге тыңдағымыз келмейтін адамдардың үнін естірту талпынысы" деп жазылған Podrobno.uz сайтында.
Жобаны Еуроодақтың Өзбекстандағы делегациясы, Швейцарияның Өзбекстандағы елшілігімен ынтымақтастық жөніндегі бюросы, Польшаның Өзбекстандағы елшілігі және "Кнауф Гипс Бухара" қолдаған.
- Былтыр тамызда тәліптер Ауғанстан билігіне келгеннен кейін елдің басым бөлігінде қыздарға 6-сыныптан кейін мектепке баруға тыйым салынды, наурызда мектептер тұтас жабылған. Бұған қоса, тәліптер әйелдерге бет-жүзін жасырып, паранжа киюді міндеттеген. Осыған дейін халықаралық құқық қорғаушылар жағдайға алаңдаушылық білдіріп, тәліптерді әйелдердің құқықтарын таптамауға үндеген.
ПІКІРЛЕР