Алматыда дәстүрлі "Байқоңыр" кинофестивалінің соңғы күнінде Qantar бағдарламасындағы екі көркем фильм көрсетілмей қалды. Бұл туралы rukh2k19 оппозициялық тобы Instagram аккаунтында жариялады.
"Қаңтар" және "Бремя, которое мы несем" дейтін екі фильм 11 қыркүйек күні конкурстан тыс көрсетілуі керек болған. Фильмдердің көрсетіліміне ондаған адам келген. Олардың арасында азаматтық белсенділер мен Қаңтар оқиғасында оққа ұшқандардың ата-аналары болған. Бірақ сеанс алдында кинотеатр әкімшілігі "техникалық ақауларға" сілтеп, көрсетілімнің болмайтынын айтып, кинотеатр фойесін босатуды талап етті.
– Бізге тіпті кино көруге келген адам ретінде де іште қалуға мұрша бермеді. Кіреберісте азаматтық киім киген адам тұрды. Ол кинофестивальға келген адамдарды кері қайтарып тұрды, – дейді көрсетілімге келген Алматы тұрғыны Айгүл Нұрболатова Азаттыққа.
"Байқоңыр" кинофестивалі биыл 7-11 қыркүйек аралығында өтті. Фестиваль ұйымдастырушысы Әнуар Кенжебаевтың айтуынша, ақаулар 10 қаңтарда-ақ басталған, сол үшін кей шаралар келесі күнге шегерілген. Ол сырттан қандай да бір қысым болғанын жоққа шығарды.
– Бізге ешкім қоңырау шалған жоқ, ештеңеге тыйым салған жоқ. Біз техникалық себеппен ғана көрсете алмай тұрмыз, – деді ол.
Аталған көркем фильмдерде баласынан айырылған екі ананың қайғысы баяндалады, екеуінің тағдыры да Қаңтар оқиғасына сілтейді. Жоспар бойынша, көрсетілімнен кейін фильмді көрермендермен талқыламақ болған. Талқыға модератор ретінде шақырылған саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт киноәкімшілігінің фестиваль қонақтарын қайтарғанымен, коммерциялық фильмге келгендерді оңай кіргізгенін айтады.
– Шамасы адамдардың жиналуынан, митингіге ұласып кетуінен қорыққан көрінеді, – деді Шалқар Нұрсейіт Азаттыққа. Кинотеатр фойесін түсірілген видеода екінші қабатта әскери форма киген, курсанттарға ұқсайтын жас азаматтар жүрді. Саясаттанушы олардың "техникалық ақауға байланысты жарамсыз болып қалды" деген залдардың біріне кіргенін айтады.
Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасына қатысы бар кез келген бұқаралық шарадан сескенеді. Ресми дерек бойынша, жыл басындағы наразылық кезінде 238 адам қаза тапқан. Оның екеуі – жасаөспірім шаққа жетпеген бала. Аты-жөні анықталғандар арасында кәмелетке толмаған тағы бірнеше жас бар.
"Билік Қаңтар оқиғасы туралы әңгіменің қозғалғанын қаламайды. Әсіресе сайлау қарсаңында" дейді саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт.
ПІКІРЛЕР