Қаңтарда “қару ұрлады” деп алты жылға бас бостандығынан айырылған Әлібек Иманбековтің Алматыдағы көп қабатты үйдегі пәтерінің кіреберісіне бір адам кіріп, дәрет сындырып кеткен. Мұның алдында Иманбековтің әйелі Баян Шырынбекованы бейтаныс таксист ұрып кеткен еді. Ол бұл әрекеттерді белсенділігіне бола жасалып жатқан психологиялық қысым деп санайды.
- Түске қарай үйге келсем, кіреберіс дәлізге (көппәтерлі үйдің ең жоғарғы қабатындағы алаңқайды көршілер қоршап, есік орнатқан, әлгі адам сол есіктен кіріп кеткен – ред.) бір адам жайғасып алыпты. Сол жерге дәрет сындырған. Біздің үйіміз бесінші қабатта. Кірген адам таяққа сүйеніп өздігінен жүре алмайды. Ол мұнда қалай кірген? – деді Баян Шырынбекова Азаттыққа.
Ол жеке шаруаларымен балаларымен бірге үйінен шығып кеткенін, келгенде есік алдында полицейлер топталып тұрғанын айтады. Оның сөзінше, көршілері таяққа сүйенген адамның жоғарғы қабатқа қалай шыққанына таңқалған. Шырынбекова полицей өзіне көмектесіп, ал әлгі адамды сыртқа алып кеткенін айтты. Бұл жағдайға қатысты шағым болмағандықтан, полиция іс қозғамаған.
37 жастағы Баян Шырынбекова соңғы екі-үш күнде бірінен соң бірі басынан өткен жағдайларды кездейсоқ деп санамайды. Ол мұның бәрі “Мені қорқыту үшін жасалып отырған әрекет, психологиялық қысым” деп есептейді.
- Мысымды басып,үнімді өшіріп, күресіме кедергі жасау үшін жасалған әрекет болар, - дейді ол.
Жұма күні абақтыдағы күйеуін этаппен жөнелтер алдында сәлемдеме беріп, көріспек болған келіншекті такси жүргізушісі соққыға жыққан. Оқиғаға сол маңайдағы адамдар мен полиция қызметкерлері куә болып, кейін Баян Шырынбекова полицияға арыз түсірген.
Оған дәрігер “миы шайқалған, буыны, бұлшықеттері жарақаттанған” деген қорытынды берген. Алматы қаласы Түрксіб аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері Думан Момбаев бұл оқиғаға қатысты әкімшілік іс қозғалғанын айтты.
- Әкімшілік іс қозғалды. Сот-медицина сараптамасы қортындысы шыққан соң сотқа жолдаймыз, -деді ол.
Оның күйеуі Әлібек Иманбековті биылғы 11 шілдеде Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Қаңтар оқиғасы кезінде "қару-жарақ ұрлады" деген айыппен алты жылға бас бостандығынан айырды. Оған Қылмыстық кодекстің "Қаруды, оқ-дәрі, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу" бабы (291-бап) бойынша айып тағылған. Иманбеков бұл айыппен келіспейді, ол куәгер деген адамдардан азаптау жолымен өзіне қарсы "айғақтар" алынған деп санайды.
Әлібек Иманбеков айыбын мойындамай, 5 қыркүйекте апелляциялық арыз түсіргенімен, сот оны қанағаттандырмады. Оның әйелі Баян Шырынбекова сотта да, одан кейін де сот үкімін әділетсіз деп санайтынын айтып, мәселеге қоғам назарын аударуға тырысып келеді. Ол бұл әркетінің құзырлы орындарға ұнамай, прокуратура атын жамылған біреулердің телефон соғып “көп шуламауды” талап етіп жүргенін айтады.
- Қаңтардың басында елде сұйылтылған газдың қымбаттауына қарсы митинг өтіп, наразылықтың аяғы қантөгіске ұласқан. Билік шетелде дайындықтан өткен "террористер шабуылы" туралы айтты, бірақ оған дәлел-айғақ келтірген жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеді. Ол сонымен бірге елде билікті күшпен басып алу талпынысы болғанын айтты, алайда оны кім ұйымдастырғанын нақтыламады.
- Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 238 адам қаза болды.
- Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.
- Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды қаңтар қырғынын тәуелсіз және жан-жақты зерттеуге шақырған. Нұр-Сұлтан одан бас тартқан.
ПІКІРЛЕР