Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев Конституцияға түзетулер енгізуге байланысты түсініктеме берді. Онда ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі жолдауындағы ұсыныстар негізінде мәжіліс депутаттары заң жобасын әзірлегенін жеткізді.
"Заң жобасында президент өкілеттігінің жеті жылдық мерзімі туралы және оның бір реттен артық сайлана алмайтыны жөніндегі нормаларды кейін өзгертуге жол бермейтін ереже енгізу көзделген. Конституцияға түзетулер алдағы сайлауға дейін қабылданса, осы жолы президент атанатын азамат үшін және одан кейінгі барлық мемлекет басшылары үшін президент сайлауына қайта қатысу мүмкіндігі заңмен шектеледі" деді Ержан Жиенбаев.
Сонымен бірге осы заң жобасында Конституциялық Сот судьяларының қызмет мерзімін алты жылдан сегіз жылға ұзарту ұсынылған. Олар да бұл лауазымға қайта тағайындалмайтын болады.
Қазақстан Конституциялық Сот 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастайды. Ержан Жиенбаев сол үшін де судьяларының өкілеттік мерзімін ұлғайту туралы шешімді қазір қабылдануы тиіс деп есептейді.
Заң жобасы Конституциялық Кеңеске жолданған.
12 қыркүйекте Қазақстанның конституциялық кеңесі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан өтініш түскенін хабарлады.
"Конституциялық кеңес Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың парламент мәжілісі депутаттарының ұсыныстарына байланысты әзірленген "Қазақстан республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан заңының жобасын Қазақстан Конституциясының 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан қарау туралы өтінішін конституциялық іс жүргізуге қабылдады" дейді кеңес мәлімдемесінде.
Конституциялық кеңес президенттің өтінішін қарап, шешімін баспасөз беттерінде жария етпек.
1 қыркүйектегі жолдауында Тоқаев осы күзге кезектен тыс президент сайлауын тағайындап, президенттікті жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды. Ол мұнымен "билікті монополизациялау қаупін төмендету" қадамы деп атады. Бірақ президент бұл ұсынысты парламентке күздегі сайлаудан кейін білдіретінін айтқан. Келесі күні мәжілістегі "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы "құқықтық коллизияның алдын алу үшін" күздегі сайлауда президентті бірден жеті жылға сайлауды ұсынды. Сарапшылар Тоқаев осы арқылы өз билігін күшейтіп алуды көздейді дейді.
Егер депутаттардың ұсынысы қабылданса, конституция бір жылдың ішінде екінші мәрте өзгермек. Маусымның басында елде конституцияға 33 түзету енгізу жөнінде референдум өткен. Қаңтарда-ақ Тоқаев Ата заңды өзгертпейтінін мәлімдеген еді. Сарапшылар Тоқаевтың Нұрсұлтан Назарбаев салып берген жолды таңдағанын айтады. Елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 30 жылға жуық басқарып, 2019 жылғы президенттіктен кеткен. Бірақ биліктегі ықпалын сақтап қалған. Сарапшылардың сөзінше, Тоқаев толық билікке тек Қаңтар оқиғасынан кейін ғана ие болған.
ПІКІРЛЕР