Бүгін, қыркүйектің 16-сына кешке қарай Нұр-Сұлтан қаласының жүзден астам тұрғыны жиналып, рөлі оң жақтағы автокөліктерін заңдастыруды талап етті. Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда заңсыз жүрген автокөліктерді бір рет заңдастыру туралы шешіміне рөлі оң жақтағы көліктердің ілінбей қалғанына наразылық білдірді.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Отбасы институтын қолдау орталығының алдына жиналғандарды полиция ғимарат ішіндегі акт залына кіргізді. Олардың сұрақтарына ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев пен басқарма бастығы Әлібек Кеңесбеков екі жарым сағаттан астам жауап берді.
Жиынға қатысқандардың кейбірінің сөзіне қарағанда, рөлі оң жақтағы көлік иелері, ертең – 17 қыркүйекте жиналу туралы алдын ала уағдаласқан. Алайда полиция қызметкерлері оларды бір күн бұрын кездесуге шақырған.
Акт залына жиналғандар рөлі оң жақтағы көліктерді де Қазақстанда тіркелмей жүрген өзге шетелдік көліктер секілді заңдастыруды сұрады.
Полковник Әлібек Кеңесбековтің сөзінше, рөлі оң жақтағы көліктері Қазақстанға 2007 жылдан бастап кіргізілмейді.
- Алайда Кеден одағы, Еуразия экономика одағының шарты бойынша рөлі оң жақтағы көліктердің де Қазақстанда жүріп-тұруына рұқсат етілді. Бірақ олар шетел көліктері болып саналады. Заңда белгіленген уақытта қайтадан шетелге кетуге тиіс, егер Қазақстанда қалатын болса заңды түрде тіркелуге міндетті. Президенттің ұсынысымен сондай көліктерге бір жолғы жеңілдік жасалып отыр, бірақ оның рөлі оң жақтағы көліктерге қатысы жоқ. Бұл мәселенің шешудің бір жолы – оң жақтағы рөлді сол жаққа ауыстыру,- деді ол.
Полковниктің сөзі жиналғандардың сұрағын одан әрі көбейте түскені байқалды. Әр жерден сұрақ қойғандар көліктің рөлін ауыстыру өте қымбатқа түсетінін, көліктің зауыттан шыққандағы техникалық қауіпсіздік талабын сақтап рөлді ауыстыра алатын, заңды сертификаты бар техника орталықтары жоқ екенін алға тартты.
Әлібек Кеңесбаев ондай орталықтар бар дегенмен, нақты атай алмады.
Рөлі оң жақтағы көлік жүргізушілерінің сөзінше, биыл қыркүйектен бастап Қазақстанда тіркелмеген, шетелдік автокөліктерге сақтандыру компаниялары сақтандыру шартын бермейтін болған.
- Кейбіріміздің көлігіміздің сақтандыру қағазының мерзімі екі күннен кейін, кейбіріміздікі бес айдан кейін бітеді. Содан кейін мүлде жүруге болмайды. Сақтандыруға қағазын тексереміз деген желеумен жол полициясы себепсіз тоқтата беретін болды,- деді жиындағы белсенділер.
Әкімшілік полиция мәліметіне қарағанда, Қазақстанда 320 мыңдай көлік тіркелмеген. Оның 20 мыңдайының рөлі оң жақта. Қазақстанға Ресейден әкелінген 88 мың автокөлік Ресей есебінен шығарылған, бірақ Қазақстанға тіркелмеген.
Министрлік өкілдері рөлі оң жақтағы көлік иелерін осы мәселені ақылдасып шешу үшін жұмыс тобын құрып, соған кіруге шақырды.
- Жұмыс тобына шақырса кіреміз. Әзірге Нұр-Сұлтан тұрғындары ғана жиналып отыр. Әлеуметтік желідегі чаттар артқылы Қазақстанның әр өңірінде рөлі оң жақта көлік мініп жүргендермен байланыстамыз. Талабымыз орындалмаса таяу арада тағы да жиналуға мәжбүр боламыз,- деді наразылардың бірі Данияр Маркешов.
Биыл қыркүйектің біріне Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға заңсыз жүрген шетел көліктерін утилизациялық алым мен алғашқы тіркеу төлемін 200-250 мың теңгеден асырмай бір рет заңдастыру туралы ұсыныс жасаған еді. Тоқаев бұл ұсынысын "келешекте Қазақстанға көлік әкелудің барлық заңсыз жолдарының алдын алу" деп түсіндірген.
Заңда көрсетілген мерзімде тіркелмей жүрген шетел көліктері жөнінде бұрын да бірнеше рет болған. 2020 жылы 14 қаңтарда Ішкі істер министрлігі "Қазақстан аумағына кірген Армения, Қырғызстан, Ресей нөмірі бар көліктерді заңға сай тіркеу керегін" мәлімдеген. Шетелдік көлігін тіркегісі келмегендерге автокөлігін Қазақстаннан отыз күнге шығарып, кейін елге қайта кіргізуді немесе шетелден алған көлікті шетке қайта апарып сатуды ұсынған. Осыдан кейін Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жаңаөзен, Орал, Петропавл және Семей қалаларында автожүргізушілер жиналып үкіметтен автомашиналарын жеңілдікпен әрі арзан жолмен тіркеуге мүмкіндік беруді талап еткен. Оларға көп ұзамай Қазақстан билігі "рақымшылық" жасап, арнаулы "сары нөмірмен" Қазақстанда жүруге рұқсат еткен.
2010 жылы Кеден одағына кірген соң Қазақстанда кеденде тіркеу құны жоғарылап, көлік бағасы күрт қымбаттаған еді. Кеден одағы 2015 жылдан бастап Еуразия экономикалық одағы болып өзгерген. Қазақстан Армения, Беларусь, Қырғызстан мен Ресеймен бірге осы одаққа мүше саналады.
ПІКІРЛЕР