Accessibility links

Шетелден алған көлікті тіркеу дауы ушықты. Жүргізушілер неге наразы?


Шетелдік нөмірмен жүрген көлікті тіркеуге қою туралы талапқа байланысты жүргізушлер полиция өкіліне наразылықтарын айтып тұр. Семей, Шығыс Қазақстан облысы, 18 қаңтар 2020 жыл.

Қазақстан билігінің елде армениялық, қырғызстандық және ресейлік нөмірлермен жүрген автокөліктерді заң жолымен тіркеу туралы талабы кей жүргізушілердің наразылығын тудырды. Ішкі істер министрлігі тіркелмеген шетелдік нөмірі бар көліктер заң бұзған жағдайда жазадан құтылып кетеді деп санайды. Ал жүргізушілер тіркеу құнының көлік бағасынан да асып кететін айтады.

ДАУҒА НЕ ТҮРТКІ БОЛДЫ?

Биыл қаңтардың 14-і күні Ішкі істер министрлігі "Қазақстан аумағына кірген Армения, Қырғызстан, Ресей нөмірі бар көліктерді заңға сай тіркеу керегін" мәлімдеді. Министрлік шетелден көлік алғандарға барлық төлемді, утилизация алымын және баж салығын өтеп, автомашиналарын тіркеуді ұсынады. Үкімет шетелдік көлігін тіркегісі келмегендерге автомашинасын Қазақстаннан отыз күнге шығарып, кейін елге қайта кіргізуді немесе шетелден алған көлікті шетке қайта апарып сатуды ұсынады.

16-19 қаңтар арасында Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жаңаөзен, Орал, Петропавл және Семей қалаларында автожүргізушілер жиналып, көлікті тіркеудің шығыны тым көп екенін айтып, үкіметтен автомашиналарын жеңілдікпен әрі арзан жолмен тіркеуге мүмкіндік беруді талап етті.

Шетелдік нөмірі бар көлікті тіркеуге қою туралы талапқа наразылық білдіріп жиналған жүргізушілер. Ақтөбе, 18 қаңтар 2020 жыл.
Шетелдік нөмірі бар көлікті тіркеуге қою туралы талапқа наразылық білдіріп жиналған жүргізушілер. Ақтөбе, 18 қаңтар 2020 жыл.

Қаңтардың 16-cы күні Ақтөбеде наразылыққа шыққандардың бірі Ерғали Құлниязов "министрліктің үндеуі Армения, Қырғызстан және Ресейден Қазақстандағыдан әлдеқайда арзан, әрі сапалы көлік сатып әкеліп, мініп жүргендердің қуаныштарын су сепкендей басқанын" айтады.

- 2006 жылы зауыттан шыққан Toyota Ipsum ("Тойота - Ипсум") маркалы көлігімді Арменияда 2,5 миллион теңгеге (шамамен 6500 доллар) сатып алдым. Қазір сол жақтың құжатымен жүрмін. Егер Қазақстанның қазіргі талабымен есепке тіркетсем, құны көліктің өз бағасынан үш есе асып кетеді. Біріншіден, оған төлейтін ақшам жоқ. Екіншіден, кеден рәсімі неге соншалықты қымбат? - дейді ол.

Тіркеу талабына наразы ақтөбеліктер арасында министрліктің мәлімдемесінен кейін дереу халыққа қызмет көрсету орталығына барып, тіркеуге қажет соманы біліп келгендер де бар. Кейбірінің айтуынша, Армениядан 4 миллион 700 мың теңгеге (12300 доллар) сатып алған көлікті заңды тіркеуден өткізу үшін 7 миллион 300 мың теңге (19200 доллар) төлеу керек.

Шетелдік нөмірі бар көлікті тіркеу талабына наразы жүргізушілер биліктегі "Нұр Отан" саяси партиясы кеңсесіндегі қабылдауға келіп отыр. Орал, 17 қаңтар 2020 жыл.
Шетелдік нөмірі бар көлікті тіркеу талабына наразы жүргізушілер биліктегі "Нұр Отан" саяси партиясы кеңсесіндегі қабылдауға келіп отыр. Орал, 17 қаңтар 2020 жыл.

Шетелден көлік сатып әкелгендердің көпшілігі осыған ұқсас сомаларды айтады. Кейбірі Арменияда арзан көлік бар дегенді естіп кредит, кейбірі таныстарынан қарыз алған. Олардың сөзінше, сатып алған көліктерін Арменияға қайта апарып сату да, Қазақстанға есепке қою да тиімсіз.

Наразылардың арасында Саламат Данабеков секілді "Қазақстан азаматтарының Армениядан көлік сатып әкеліп жатқанына 2-3 жыл болды, заңсыз болса сол кезден бері үкімет неге үндемеді" деп айыптайтындар да бар. Олар "тіркелмеген көліктер жол апатына себепші болса табу қиын болады" деген Ішкі істер министрлігінің уәжіне де қисын айтады.

- Онда көлігімізді уақытша тіркеуге қойсын. Салығын да, айыппұлын да төлейміз, - дейді ол.

Қазақстанның бірнеше қаласында өткен наразылық кезінде жүргізушілердің алдына шыққан билік өкілдерінің сөзінше, "әзірге ескерту беріліп отыр, таяуда тіркелмеген көліктер ұсталып, айып тұрғанына қойылуы мүмкін".

Шетелден көлік алған жүргізушілер Ақтөбе қаласы әкімдігі өкілдерімен кездесуде отыр. Ақтөбе, 19 қаңтар 2020 жыл.
Шетелден көлік алған жүргізушілер Ақтөбе қаласы әкімдігі өкілдерімен кездесуде отыр. Ақтөбе, 19 қаңтар 2020 жыл.

Тіркелмеген көлік иелерінің талаптары қаншалықты қисынды? Қазақстанда көлікті тіркеу қанша тұрады? Қазақстанда көлік неге қымбат? Азаттық сөйлескен сарапшылар "көлігін тіркемей жүргендердің өздері де кінәлі, мемлекет те дер кезінде ескертуі тиіс еді" деп санайды.

Нұраддин Садықов, көлік бизнесімен шұғылданған кәсіпкер:

- Шетелден әкелген көлікті есепке қоюдың төрт шарты бар: біріншісі, кеден баж салығы, ол аса қымбат емес. Екіншісі, бастапқы тіркеу. Зауыттан шыққанына үш жыл болған көліктер бастапқа тіркеуге 50 айлық есептік көрсеткіш (125 мың теңге), үш жылдан асқан көліктер 500 айлық есептік көрсеткіш (1 млн 250 мың теңге) төлейді. Бұл төлем - қозғалтқыштың күшіне емес, жылына байланысты белгіленеді. Үшіншісі, "Еуро-5" стандартына сәйкестік сертификаты. Еуразия экономикалық одағының Қазақстаннан өзге мүшелері "Еуро-4" стандартын қолданады. Бұрын бағасы 12-13 мың теңге тұратын сертификаттың қазіргі бағасы 250 мың теңге. Төртіншісі, утилизация алымы. "Оператор РОП" деп аталатын жекеменшік компанияға төленеді. Бұл алым 900 мың теңгеден 20 миллион теңге дейін жетеді. Жүк көліктері мен арнайы техникалардың утилизация алымы 20 миллион теңгеге дейін жетеді. Утилизация алымын 2014-15 жылдары Қазақстан азаматтары Ресейден жаппай арзан көлік таси бастаған соң енгізді. Бірақ ол неге жекеменшік компанияға төленуі тиіс? Барлық төлемді қосқанда 2016-17 жылғы қозғалтқыш күші 2,5 литр Toyota Camri ("Тойота камри") көлігін тіркеу үшін шамамен 7 миллион теңгедей кетеді. Жақында Оңтүстік Кореяда болдым. Ондағы көліктер мен біздегі дәл сондай көліктердің бағасы жер мен көктей. Біздегі монополистер автокөлік бағасын әлі қымбат ұстап отыр. Мысалы, Қазақстанда ВАЗ орта есеппен төрт миллион теңге десек, Ресейдегі дәл сондай салонда екі жарым миллион теңге тұрады.

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылындағы көлік кептелісі. 25 қыркүйек 2014 жыл. Көрнекі сурет.
Алматыдағы Әл-Фараби даңғылындағы көлік кептелісі. 25 қыркүйек 2014 жыл. Көрнекі сурет.

Эдуард Эдоков, "Тәуелсіз автомобилистер одағы" қоғамдық ұйымының төрағасы:

- Көлікті тіркемей жүрудің заңсыз екенін тиісті орындар ескертуге міндетті емес, бірақ тіркелмеген көліктер көбейе бастағаны байқалғанда шекарадан өткен әр көлікке құлаққағыс ретінде ескерту қағаз бергенде қазіргідей болмас еді. Көлікті тіркеу жөніндегі қазіргі ережелер мен заң нормаларының қолданысқа енгеніне бірнеше жыл болды. Оны білмедік дегендері, меніңше, қулық қана. Заң бәрімізге ортақ. Иә, тіркеу қымбат. Бірақ өзгелер қымбат болса да амалсыз төлеп жүр емес пе? Сондықтан заңда қалай көрсетілген, бұл мәселені солай шешу керек. Әйтпесе бұл тағы да қайталануы әбден мүмкін.

Қазір Қазақстанда шетелден көлік әкеліп тіркеу құны шамадан тыс қымбат екені рас. Әсіресе, халықты тонаумен тең утилизация алымы алаяқтық секілді көрінеді. Утилизация алымын төлеген күннің өзінде де 20 жылдан кейін сіздің автомашинаңызды утилизациялай қоюы (көлікті утилизациялау – көлікті иесінен қабылдап, жою – ред.) екіталай. Оған дейін "не хан өледі, не есек өледі". Бәлкім, сіз көлігіңізді утилизацияға бермей, бөлшектеп сатып жіберетін шығарсыз? Германияда утилизация алымы 100 еуро, Қазақстанда 3 мың доллар. Мұны отандық автоөндірісті қорғау мақсатында енгізген болды. Шын мәнінде біздегі отандық өндіріс – дайын көлікті әкеліп, төрт дөңгелегін бекітіп, сату ғана.

Алматы облысы Қарасай ауданындағы автокөлік базары. Көрнекі сурет.
Алматы облысы Қарасай ауданындағы автокөлік базары. Көрнекі сурет.

Олжас Оқас, автоблогер:

- Жол қозғалысы туралы заңның 63 және 65-бабында шетелден келген көлік 10 күн ішінде тіркелуі керегі жайлы норма бұрыннан бар. Көлікті шетелдіктен сенімхатпен алғандар бір жыл бойы Қазақстанда кедергісіз жүре алады. Бірақ жыл сайын Қазақстан аумағынан 30 күнге шығаруы керек. Көлікті Армения мен Қырғызстаннан әкелгендер көбіне сонда уақытша тіркеуге тұрып, техникалық құжатын өз атына жаздырады, яғни ол – жекеменшігі. Ондай көлік Қазақстанға келгенде он күн ішінде тіркеліп, бастапқы тіркеуді, акцизді және утилизациялық алымды төлеуі қажет. Ең қымбаты – утилизация алымы. Жол ережесін бұзған шетелдік нөмірі бар көліктерге шара қолдану қиын екені рас. Тіркелмеген көліктер арасында рөлі оң жағында орналасқан көліктер де бар. Оларды жаңадан тіркеуге 2007 жылы тыйым салған. Сондықтан оң рөлді көліктерді келген жағына апарып сату мен автобөлшекке айналдырудан өзге жол жоқ. Қазақстандағы жарамсыз көліктерінің VIN кодын (автокөліктің сәйкестендіру коды) шетелден әкелген дәл сондай көліктеріне ауыстырып, бұрынғы құжатымен жүретіндер де бар.

Алматыдағы қосалқы бөлшек базары. Көрнекі сурет.
Алматыдағы қосалқы бөлшек базары. Көрнекі сурет.

Қазақстан ішкі істер министрілігінің дерегінше, Қазақстанға Армения, Қырғызстан, Беларусь және Ресейден әкелінген 170 мыңнан астам жеңіл көлік тіркелмеген.

ІІМ "тіркелмеген көліктердің салдарынан былтыр 1854 жол апаты болып, 132 адам өлген, 500 адам жарақаттанған. 2019 жылы жолдағы видеокамера тіркелмеген көліктердің жол ережесін 90 мың рет бұзғанын көрсеткен" деп мәлімдеді.

Министрлік мәлімдемесінде "2014 жылдан 2020 жылдың қаңтарына дейін Армения мен Қырғызстанға тіркелген көліктерді тек сол елдерде тұратын азаматтар ғана кеден алымы мен салығынсыз уақытша тіркей алады" деген.

ІІМ дерегінше, Қазақстанда тіркелмеген көліктерге 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (25 мың теңге) айыппұл салынып, айып тұрағына қойылады.

2010 жылы Кеден одағына кірген соң Қазақстанда кеденде тіркеу құны жоғарылап, көлік бағасы күрт қымбаттаған еді. Кеден одағы 2015 жылдан бастап Еуразия экономикалық одағы болып өзгерген. Қазақстан Армения, Беларусь, Қырғызстан мен Ресеймен бірге осы одаққа мүше.

2014 жылдың соңында мұнай бағасының арзандауы, Батыстың санкциясы әсерінен Ресей рублі бұрын-соңды болмаған қарқынмен құнсыздануы және 2015 жылы 1 қаңтарда Еуразия экономика одағы келісімінің күшіне енуі Қазақстанға Ресейден арзан көлік тасушылардың санын көбейтті. Осыған байланысты "Атамекен" кәсіпкерлік палатасы "Қазақстанда жасалған көліктердің сатылуы 60 пайызға кемігенін" мәлімдеп, көлік саудасына ЕАЭО келісімі бойынша уақытша шектеу енгізуді ұсынған.


  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Балық бала" асырап отырған отбасы баспанаға мұқтаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:31 0:00
XS
SM
MD
LG