Accessibility links

Әділет министрі: Конституция қайта өзгермесіне Конституцияның өзі кепіл


Қазақстанның әділет министрі Қанат Мусин. Нұр-Сұлтан (Астана), 25 тамыз, 2022 жыл
Қазақстанның әділет министрі Қанат Мусин. Нұр-Сұлтан (Астана), 25 тамыз, 2022 жыл

Конституцияға енгізілген соңғы өзгерістер бойынша заң жобасын әзірлеуге қатысқандардың бірі, Қазақстанның әділет министрі Қанат Мусин президентті жеті жылдық бір мерзімге сайлау тәртібін түсіндірді.

Журналист министрден: "Неге 4 не 5 жыл емес, 7 жыл? Қай елдердің тәжірибесі сарапталды?" деп сұрады.

Бұл сауалға Қанат Мусин 1 қыркүйектегі "президенттің жолдауына назар салыңыз" деп кеңес берді.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Азаттық сауалына жауап берген министр:

— Біріншіден, бұл норма билікті монополиялауға жол бермейді, себебі президент тек бір мерзімге сайланады. Екіншіден, жеті жыл – президенттің кез келген бағдарламасын жүзеге асыруға жеткілікті уақыт, — деді.

"Төрт-бес жыл реформаны аяқтауға жеткілікті уақыт емес пе?" деген қосымша сұраққа Мусин "қазір мұны талқылағым келіп тұрған жоқ" деп жауап берді және "жолдауға көз салуды" сұрады, себебі "сол жерде бәрі жазылып тұр" деді әділет министрі.

Қыркүйекте биылдыққа екінші рет Конституцияға өзгеріс енгізілді. Маусым айында өткен республикалық референдумда елдің басты заңына 33 өзгеріс енгізілген. Қаңтар оқиғаларынан кейін мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция өзгертілмейді деген еді.

"Референдумға қарсылар Қаңтар оқиғасын тергеуді талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:22 0:00

Азаттық тілшісінің "Конституцияға президенттің өкілеті мен мерзіміне қатысты тағы өзгеріс енгізілмесіне қандай кепілдік бар?" деген сауалына әділет министрі "Конституциялық сот" деп жауап берді.

— Заңның өзі кепілдік береді. [Конституцияның] 91-бабы бұл нормалар өзгермейтініне кепілдік береді. Бақылаушы орган – Конституциялық сот бар. Ол да кепіл. [Конституцияның өзгермейтін бабына қатысты] өзгерістер заң жобасына енгізілсе, Конституциялық сот оны алып тастауы тиіс. Бұл – Конституциялық соттың міндеті, — деді Қанат Мусин.

Конституцияның ескі нұсқасында 91-бапта: "Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді" деп жазылған еді.

Алайда референдумнан кейін ондағы Қазақстанның бірінші президенті туралы сөздердің бәрі түсіп қалды: "Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тəуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, Республика қызметінің түбегейлі принциптері өзгермейді".

Азаттықтың "Конституцияға өзгеріс енгізу саяси ұстанымға және басқа да факторлаға тәуелді емес пе?" деген сауалына министр: "Кез келген билік ең алдымен Конституцияға бағынады" деп жауап берді. Оның айтуынша, негізгі заңдағы "өзгермейді деген нормалар өзгерген жоқ".

17 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер енгізетін заңға қол қойды. Ол бойынша астанаға Астана деген бұрынғы атауы қайтарылды, ал презденттік мерзім бес жылдан жеті жылға ұзартылып, бір адамның екінші рет сайлануына мүмкіндік беретін норма алып тасталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG