Accessibility links

Азаттық жаңалығынан соң Ақорда мен әділет министрлігі сайтындағы "екі түрлі" Конституция бірізділікке түсті


23 қыркүйекте Азаттық сайты Қазақстан президентінің сайтында жарияланған Конституция мәтініне өткен аптада қабылданған өзгерістердің кейбірі енбей қалғанын анықтаған. Ондағы Ата заң мәтінінің әділет министрлігінің нормативтік-құқықтық актілерінде жарияланған мәтіннен айырмашылығы болған. 24 қыркүйекте таңертең Конституция мәтінінің "бірізділікке түскені" анықталды.

Бұған дейін Ақорда сайтында жарияланған Ата заңның 91-бабында президенттікті жетіжылдық бір мерзіммен шектеудің өзгермейтіні жайлы ештеңе жазылмаған болатын. Ол бап, 41 және 42-баптар тәрізді, маусымдағы референдумнан кейін қандай болса, сол күйінде тұрған. Мысалы, 41-баптың 1 пунктінде президент бес жылға сайланады, ал 42-баптың 5-пунктінде бір адам екі мерзімнен артық сайлана алмайды деп жазылған еді.

Дегенмен Ақорда сайтындағы Конституцияда кейбір соңғы өзгерістер қамтылған. Онда Қазақстан астанасы Астана қаласы деп көрсетілген. Дәл осындай жайт Конституцияның қазақ және орыс тіліндегі нұсқаларында қатар байқалды.

Ал Әділет министрлігінің нормативтік-құқықтық актілерінде жарияланған Конституцияда соңғы қабылданған өзгерістер көрсетілген.

Сенбі, 24 қыркүйекте Ақорда сайтындағы Конституция түзетіліп, әділет министрлігінің базасындағы құжат мәтінімен бірізділікке түскені анықталды.

17 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікті жеті жылдық бір мерзіммен шектеу, Астана атауын қайтару туралы түзетулерге қол қойған. 2019 жылы Тоқаев бастамасымен Нұр-Сұлтан атанған ел астанасы Қаңтар оқиғасынан соң басталған "Назарбаев атауларынан арылу" тенденциясы аясында қыркүйекте қайта Астана болып өзгертілді.

Жыл басынан бері Конституция екі рет өзгертілді. Маусымдағы референдум кезінде Ата заңға 56 өзгеріс мақұлданған. Негізгі заңнан тұңғыш президент туралы барлық пунктер алынып тасталды. Көбі мұны Назарбаев ықпалының әлсіреуі деп бағалаған.

XS
SM
MD
LG