Accessibility links

Қытай Еуропаға АҚШ газын сатып, пайда таба бастады


Нинбо Чжоушань портында тұрған мұнай танкері. Қытай, Чжэцзян провинциясы
Нинбо Чжоушань портында тұрған мұнай танкері. Қытай, Чжэцзян провинциясы

Қытай компаниялары Еуропаға АҚШ-тың сығымдалған газын тасып, едәуір пайда тауып отыр. Бұл жөнінде Wall Street Journal теңіздегі тасымал саласы бойынша дереккөздеріне сүйеніп хабарлаған.

Газет мәліметіне қарағанда, АҚШ-тың сығымдалған газын сатып алуға ұзақ мерзімді келісімшарт жасасқан жергілікті компаниялар Қытайда газға сұраныстың азайғанына байланысты артық шикізатын сатып, жүздеген миллион доллар пайда таба бастаған.

Алғашқы сегіз айда Қытай портына сығымдалған газ тиеген 19 танкер ғана келген. Бұрын дәл осы уақытта 133 танкер келіп жүрген. "Оның көпшілігі Еуропа елдеріне, Жапония мен Оңтүстік Кореяға кеткен" дейді Wall Street Journal.

Газет мәліметіне қарағанда, Қытай компаниялары жеткізіп жатқан газ Еуропаны биыл қыста газ тапшылығынан құтқара алмайды. Қытай АҚШ газын сатып нақты қанша пайда тауып жатқанын дәл айту қиын. Келісімшарт жеке компаниялар арасында жасалып, тауар қолдан қолға өтеді.

Ресей Украинаға басып кірген соң салынған санкциялардан кейін Еуропа одағы Ресей газына балама іздей бастаған. Мысалы, 1 қазанда Грекиядан Болгарияға баратын газ құбыры іске қосылған. Бұл құбыр арқылы София Грекиядан сығымдалған газ бен Әзербайжаннан бес миллиард текше метрге дейін газ ала алады.

Қыркүйектің соңында Польша Baltic Pipe газ құбырын ашты. Бұл құбыр да Ресей газын ішінара айырбастай алады. Польша мен Дания арасындағы жаңа құбыр арқылы Еуропаның бірнеше елі Норвегиядан жылына 10 миллиард тоннадай газ алатын болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG