Accessibility links

Захарованың мәлімдемесіне түсініктеме берген мәжіліс депутаты Қазақстан мемлекеттілігін құрметтеуді талап етті


"Ақ жол" партиясының жетекшісі Азат Перуашев.
"Ақ жол" партиясының жетекшісі Азат Перуашев.

Мәжіліске "Ақ жол" партиясы атынан сайланған депутат Азат Перуашев 5 қазанда Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарованың бір күн бұрынғы мәлімдемесіне түсініктеме берді. Ол Захарованың Қазақстан мен Украина елшісіне қатысты мәлімдемесін "орынсыз" деп атап, бұл "Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас сипатына қайшы" деді.

"Қазақстан Ресей позициясы мен өкілдеріне, жалпы Ресей мемлекетіне құрметпен қарайды. Ресей де дәл солай бізге және Қазақстанның Ресейдегі уәкілетті өкіліне құрметпен қарауы тиіс. Жалпы алғанда мұндай сарын Ресей мен Украина арасындағы соғыспен байланысты екенін түсінеміз, бірақ Қазақстан ешкіммен соғысып жатқан жоқ, сол себепті біздің өкілдерді, біздің мемлекеттілігімізді құрметтеуді талап етеміз" деді Перуашев 5 қазанда мәжіліс кулуарында.

4 қазанда Ресей сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаевты шақырып, Астанаға украин дипломаты Петр Врублевскийдің оралғанына наразылық білдірген.

"Ол ештеңеден ықпай, дипмиссия басшысы ретінде дипломатиялық қабылдауларға барып жүр. Жоғарыда аталған жайттарды ескере отырып, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев 4 қазанда Ресей сыртқы істер министрлігіне шақырылып, оған мұндай жайтқа түпкілікті түрде жол бермеу туралы айтылды" деген еді Мария Захарова.

Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова мәлімдемесінде дипломатқа қатысты "соғысушы русофоб", "жағымсыз ұлтшыл" деген тіркестерді қолданған.

5 қазанда Қазақстан сыртқы істер министрлігі Захарованың мәлімдемесіне реакция білдірген. Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров Захарованың мәлімдемесі "Қазақстан мен Ресейдің тең құқылы стратегиялық серіктестер ретіндегі одақтастық қатынас сипатына қайшы келеді" деді. Десе де, Захарованың сөзіне "түсіністікпен қарайтынын" жеткізген.

XS
SM
MD
LG