Accessibility links

Алматыда бірнеше адам Қаңтардан соң қамалған жақындарын босатуды талап етті


Алматыда бір топ адам Қаңтар оқиғасында жазықсыз сотталғандарды рақымшылықпен босатуды талап етті. Алматы, 7 қазан 2022 жыл
Алматыда бір топ адам Қаңтар оқиғасында жазықсыз сотталғандарды рақымшылықпен босатуды талап етті. Алматы, 7 қазан 2022 жыл

7 қазанда Алматыда бес адам қалалық прокуратура алдына жиналып, Қаңтар оқиғасынан соң қамалған жақындарына рақымшылық жариялауды талап етті.

Прокуратураға келген белсенді Руслан Кемелбаев Қаңтар оқиғасынан соң қамалған белсенді Қосай Маханбаевты (жаппай тәртіпсіздіке қатысты деген күдікке ілінген) босатуды сұрады.

- Қосай Маханбаев Қаңтар оқиғасын тергеу кезіндегі заңсыздықты, полицейлердің ұрып-соққанын, азаптауларды ешкімнен жасқанбай айтып жүрді, азаматтық позициясын ашық көрсетті. Енді келіп қайта қамап тастады. Ол ешкімге оқ атпаған, ешкімді қинамаған, ешкімді өлтірмеген. Мықты, ашық, адал азаматтарды осындай кезде түрмеде ұстап отыру дұрыс емес деп есептеймін. Сол себепті Қосай Маханбаевты босатуды талап етеміз, - деді белсенді Руслан Кемелбаев.

Қаңтар оқиғасы бойынша құрылған жедел тергеу тобының мүшесі Аманбек Марс жиналғандардың алдына шығып, Қосай Маханбаевтың "ешқайда кетпеу, өзін дұрыс ұстау" туралы қолхаттағы міндетін бұзғаны үшін қайта қамауға алынған жеткізді. Сөзінше, айыпталушы бейбіт жиын ұйымдастыру және оны өткізу тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған, ал шартты жазамен үй қамағына босату үшін қорғаушысы өтініш-хат қалдыруы керек.

Анасы төсек тартқан, өзі түрмеде жатқан белсенді
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:20 0:00

Алайда Маханбаевтың адвокаты Жарас Сапарханованың сөзінше, тамыздан бері жазған бірнеше өтініш-хаттарды сот құптамаған.

Қаңтар оқиғасынан кейін "қаруды заңсыз ұрлады" деген айыппен сотталған азаматтардың туыстары да прокуратураға келіп, жақындары рақымшылыққа ілінбей қала ма деген алаңдаушылықтарын білдірді.

"Қаңтарда заңсыз қару ұрлады" деген айыппен алты жылға сотталған Әлібек Иманбековтің әйелі Баян Шырынбекова "тоғыз ай болды бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Бізді ешкім тыңдамайды. Басымыздан сипап, қарастырып жатырмыз, деп алдап, шығарып салады. Қаңтарда алаңға шыққандар қандықол емес, олар халыққа бостандық, бірлік тіледі, әлеуметтік жағдайды жақсартуды сұрады. Рақымшылық болатыны айтылды. Бірақ ол туралы да хабар жоқ. Мұның арты бұлыңғыр, сенбейміз" деді.

Ал Аманбек Марс рақымшылық туралы заң қабылданбай, ештеңе шешілмейтінін айтты.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында Қаңтар оқиғасы бойынша жауапқа тартылғандарға рақымшылық жариялаған, рақымшылыққа кінәсін мойындағандар ғана ілігеді.

23 қыркүйекте бас прокуратура амнистия жариялау туралы заң жобасы аясында әзірленген құжатты қоғам талқысына шығарды.

Құжатта 1,5 мыңнан астам адам амнистияға ілінуі мүмкін екені жазылған. Атап айтқанда, 383 күдікті, 391 қылмыстық іс бойынша айыпталушы, сот үкімі шығып қойған 102 адам, бұған қоса, 1035 сотталушы, оның ішінде түрме жазасын алған 93 адам, бас бостандықты айыру жазасымен байланысты емес сотталған 930 адам, қоғамдық жұмысқа жегілген 9 адам, айыппұл салынған үш адам рақымшылыққа ілінуі мүмкін.

Бірақ рақымшылық тізіміне "мемлекетке сатқындық жасау, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, жемқорлық, терроризм, экстремизм, азаптаумен байланысты" қылмыс жасағандар енбейді.

Құжатты талқылау 14 қазанға дейін жалғасады.

  • Жыл басында Қазақстанның батысында сұйытылған газдың қымбаттауынан басталған наразылық өзге аймақтарға жайылған. Көптеген қала, аудан, елді мекен орталықтарында саяси сипатта ұрандар айтылды, әлеуметтік теңсіздік, жемқорлық мәселелері қозғалды. Кейбір қалаларда демонстрациялар тәртіпсіздік пен қантөгіске ұласты. Билік "шетелде дайындықтан өткен террористердің" шабуыл жасағанын айтқанмен оған дәлел келтіре алмады.
  • Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасында 238 адам опат болған. Кемінде алтауы ұстау кезінде азапталып, көз жұмған.
  • Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.
  • Қантөгістен кейін Тоқаев жоғары лауазымды тұлғалардың "мемлекетті сатып кеткенін" мәлімдеді. Бірақ олардың аты-жөндерін атамады. Қаңтар оқиғасы кезінде ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовұсталды, оған мемлекетке сатқындық жасады, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды, жемқорлықпен айналысты деген айыптар тағылды. Мәсімов пен оның үш орынбасарына қозғалған істер "өте құпия" іс ретінде тергеліп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG