Accessibility links

Кезектен тыс президент сайлауы: ОСК экс-депутат Әлтаевты ұсыну хаттамасы "бұрмаланғаны" жайлы шағым түскенін хабарлады


Нұржан Әлтаев.
Нұржан Әлтаев.

Орталық сайлау комиссиясы (ОСЕ) 7 қазанда бұрынғы мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаевтың президенттікке үміткер ретінде тапсырған құжаттарын қабылдағанын хабарлады. ОСК хабарлауынша, Әлтаев "Мұқалмас" бақылаушылар қоғамдық бірлестігі атынан тапсырған.

ОСК сонымен бірге комиссияға "Мұқалмастың" бірнеше бөлімшесінің жетекшісінен өтініш келіп түскенін атап өтеді. Олар қоғамдық бірлестіктің жоғарғы органы жиынының хаттамасы бұрмаланғанын айтқан.

"Қазіргі уақытта осы факт бойынша құзыретті органдар тексеру жүргізіп жатыр" деп жазылған ОСК хабарламасында.

7 қазанда "Мұқалмас" ұйымының бірқатар белсенділері ОСК-ның Астанадағы ғимараты алдына жиналды. Шарадан Фейсбукта тікелей эфирде хабар таратқан белсенділер ұйым басшылығы мен Әлтаевты "хаттаманы бұрмалады" деп айыптады. Жиналғандар жиын хаттамасының күшін жойып, Әлтаевты тіркемеуді талап етті. Себебі жиналғандардың айтуынша, оның кандидатурасын ұйым бөлімшелерінің кейбір жетекшілері қолдамайды.

Қазақстанның оңтүстік өңірінен шыққан 43 жастағы Нұржан Әлтаев мемлекеттік қызметте істеген, парламенттің төменгі палатасының депутаты болған. 2017 жылы ауыл шаруашылығы вице-министрі болды. 2018 жылы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметін атқарды. Бір жылдан соң мәжіліске биліктің "Нұр Отан" партиясы атынан депутат болып сайланған. 2020 жылдың соңында Әлтаев "партия беделіне нұқсан келтірді" деген себеппен "Нұр Отаннан" шығарылып, мандатынан айырылды. Ол "Нұр Отанда" жүріп, жаңа партия құратынын мәлімдеген.

Әлтаев "Ел тірегі" партиясын тіркеуге тырысқанмен тіркете алмады. Оның айтуынша, әділет министрлігі құжаттарда қате барын айтып, өтініштерін оқтын-оқтын кері қайтарған.

Биыл ақпанда Алматыда рұқсат етілген митинг кезінде Әлтаев пен жақтастары барлық саяси партияны тіркеуді талап еткен.

"Мұқалмас" бірлестігі 2019 жылғы президент сайлауынан кейін құрылған. Биыл ол билік ұйымның аймақтағы бөлімшесін тіркеуге кедергі жасағанын мәлімдеген.

Видео: "Мұқалмас" байқаушылар бірлестігі филиалдарын тіркей алмай жатыр (28 желтоқсан 2020 жыл).

"Мұқалмас" байқаушылар бірлестігі филиалдарын тіркей алмай жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:37 0:00

Елде кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді. Заң бойынша, азаматтар өзін президенттікке ұсына алмайды, олар тіркелген саяси партия немесе республикалық ұйымдар атынан ұсынылуы тиіс.

Президент сайлауына қатысуға ниет білдірген үміткерлер әзірге төмендегідей:

  • Жигули Дайрабаев – "Ауыл" партиясы ұсынған – ОСК-ға 6 қазанда құжаттарын өткізді;
  • Қасым-Жомарт Тоқаев – 6 қазанда құрылған "халықтық коалиция" ұсынған – ОСК-ға құжаттарын 7 қазанда өткізді;
  • Нұрлан Әуесбаев – ЖСДП ұсынған – құжаттарын 7 қазанда өткізді;
  • Мейрам Қажыкен – "Аманат" кәсіподақтар достастығы – ОСК-ға құжаттарын 4 қазанда өткізген.
  • Қарақат Әбден – Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы ұсынған – ОСК-ға құжаттарын өткізбеді.
XS
SM
MD
LG