Accessibility links

Тәжікстан соты журналист Дәлер Имомәлиді 10 жылға түрмеге қамады


Тәжік журналисі әрі блогері Дәлер Имомәли
Тәжік журналисі әрі блогері Дәлер Имомәли

Тәжікстанда журналист әрі блогер Дәлер Имомәли 10 жылға түрмеге қамалды. Оған "тыйым салынған ұйым жұмысына қатысты", "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты", "қылмысты біле тұра қасақана жалған ақпар берді" деген айыптар тағылған.

"Журналиске үкім 17 қазанда Душанбе қаласының уақытша ұстау абақтысында оқылды" деп хабарлайды Азаттықтың Тәжік редакциясы - Радио Озоди.

Дәлер Имомәлидің адвокаты Садулло Каюмзода қандай да бір ақпарат беруден бас тартқан. Бұған дейін дереккөздер журналист "заңсыз кәсіпкерлікпен шұғылданды" деген айыпты ғана мойындағанын хабарлаған.

Сотта прокурор Дәлер Имомәлиді 10 жылға түрмеге қамауды сұраған. Сот келіскен және үстіне айыппұл қосқан.

Имомәлиді биыл 15 маусымда прокуратура қызметкерлері қамауға алған. Көп ұзамай журналист "YouTube арнасындағы жарияланымдарынан түскен табысынан салық төлемеген" деген күдікке ілінгені мәлім болған. Душанбе қаласының Шахмансур ауданындағы шенеуніктердің бірі шағым түсірген соң Имомәлиге "қылмыс туралы қасақана жалған ақпарат берді" деген айып үстеген. Кейін Тәжікстанда тыйым салынған "24 тобы" саяси қозғалысымен ынтымақтасты деген айыпты және қосқан.

Аталған ұйым басшылығы Дәлер Имомәлимен ешқашан істес болмағанын, оның ұйым мүшесі еместігін мәлімдеген.

Кейінгі алты ай ішінде Тәжікстанда жеті блогер мен журналист қамауға алынған. Шахмансур ауданының соты Дәлер Имомәлимен бірге репортаж жасаған Абдулло Гурбатиді 4 қазанда 7,5 жылға соттаған.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен ЕҚЫҰ журналистерді қамауға алғанын айыптап, Тәжікстан билігін адам құқығы саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындауға, журналистерге қысым жасамауға шақырған. Тәжік билігі бұл үндеуге селт етпеген.

Тәжікстанның белгілі заңгері Ойнихол Бобоназарованың айтуынша, Дәлер Имомәли тек әлеуметтік мәселелер жөнінде репортаж жасап, қоғам проблемаларын көтеріп жүрген.

Үкіметке қарсы акцияларынан соң 2014 жылы "24 тобы" оппозициялық қозғалысына экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған. "24 тобының" жетекшісі Омарәли Кууватов 2015 жылы 5 наурызда Стамбулда өлтірілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG