Accessibility links

Ақтөбеде Қаңтардан кейінгі сотта "жәбірленген" полицейлер "сотталушыларды танымайтынын" айтты


Ақтөбеде Қаңтар оқиғасына байланысты өтіп жатқан сот. 18 адамға айып тағылған. 19 қазан 2022 жыл.
Ақтөбеде Қаңтар оқиғасына байланысты өтіп жатқан сот. 18 адамға айып тағылған. 19 қазан 2022 жыл.

Ақтөбеде Қаңтар оқиғасынан кейін істі болған 18 ақтөбеліктің сотында жәбірленуші деп танылған полицейлер мен өрт сөндірушілер тыңдалды. Тергеу жәбірленуші деп таныған 39 адамның екеуі - өрт сөндіру қызметінен, қалғаны – полиция өкілдері. Бүгін, 19 қазанда сот залына келген жәбірленушілер сотталушыларды танымайтынын, ешкімге ешқандай талабы жоғын айтты.

Қаңтар оқиғасы кезінде аяғы күйген полицей Жармағамбетовтің айтуынша, күш құрылымдары демонстранттарды тарату үшін қолданған түтін шашатын арнаулы құтыны наразылардың бірі полицейлерге кері лақтырған.

"Оның жүзін көргенім жоқ. Сотталушылардың да ешқайсын танымаймын" деді Жармағамбетов соттағы сөзінде.

Адвокат Әлімжан Көшбаев түтін шашатын құралдан зардап шеккен полиция өкіліне жәбірленуші емес, куә статусы берілуі тиіс деп санайды.

Қаңтардағы митинг кезінде арнайы жасақ қызметкері Шалманның аяғына тас тиген. Ол да сот процесіне жәбірленуші ретінде қатысты.

"Алаңға тас әкеліп түсірген КАМАЗ-ды көрген жоқпын. Өйткені алдымда бір қатар сап түзеп тұрды. Оның артында біз тұрдық. Ештеңе көрмедім" деді ол.

Прокурор Әсел Таңалиева Ақтөбедегі Қаңтар оқиғасы кезінде 33 полиция қызметкері түрлі жарақат алғанын айтты. Сотқа жәбірленуші ретінде шақырылған полиция өкілдері Қаңтар оқиғасынан соң сотқа тартылған 18 адамның бәрін тани алмады. Жәбірленушілер сотта "алаңда адам көп болды, ескілеу КАМАЗ көлігі тас әкеліп төкті, көлік жүргізушісін көрмедім" деген сыңайда жалпылама жауап берді. Сот полицейлерді әлі толық тыңдап болған жоқ.

Тергеу жергілікті тұрғын Нұрсұлтан Исаевты "полиция қызметкерлерін жеке көлігімен басып өлтірмек болды", "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп айыптап отыр. Исаев тағылған айыппен келіспейді. Ол "оқ атыла бастағанда көлігін алаңнан аулақ жерге әкетпек болғанын, сол кезде көліктің алдыңғы әйнегіне оқ тиіп, рөлге ие бола алмай қалғанын" айтады.

19 қазандағы сот отырысында адвокат Азамат Сағалов соттан қаңтардан бері абақтыда отырған Нұрсұлтан Исаевты изолятордан босатуды сұрағанымен, судья бұл өтінішті қанағаттандырмады.

Қаңтар оқиғасынан кейін Қылмыстық кодекстің "Жаппай тәртіпсіздік", "Билік өкіліне күш көрсету", "Қару-жарақ ұрлау" баптары бойынша айып тағылған 18 ақтөбеліктің үшеуі – Ернұр Әжниязов, Нұрсұлтан Исаев пен Нұрбек Мұхит тоғыз айдан бері тергеу изоляторында отыр.

"Алаңда он екі мыңдай адам болды. Жалғыз болған жоқпын. Қару тауып алып, ашулы жұрт бір-біріне қастандық жасамасын деп алып кеттім. Бөтен ойым болған жоқ. Бір аптадан соң қаруды өзім апарып тапсырдым. Сол қаруды тартып алдың деп айыптап отыр. Тартып алған жоқпын, тауып алдым. Бірақ оны ескермей, мені арнаулы қызмет өкілдері тергеу изоляторына дейін ұрып-соғып алып барды. Онымен қоймай, изоляторда ұстап отырғанына он айдай болды" деді Нұрбек Мұхит сотта.

Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбеде Қаңтар оқиғасынан кейін қозғалған 21 адамның қылмыстық ісі сотқа жеткен. Қазір Ақтөбе соты 18 азаматтың ісін қарап жатыр. Шілдеде сот "Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбе әуежайын басып алмақ болды" деп айыпталған үш адамның бостандығын үш жарым жылға шектеген.

Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбеде екі адам қаза болған. Оның бірі Русланбек Жұбаназаров 7 қаңтар таңсәріде демонстрантттарды күштеп тарату кезінде оққа ұшқан, Файзулла Нұргелдин алаңда оқ тиіп, бір айдан соң көз жұмды. Бұған дейін Ақтөбеде Қаңтар оқиғасынан соң ұсталып, азапталдым деген азаматтардың арыз-шағымы қаралмай жатқаны айтылған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG