Accessibility links

Gallup: Украиналықтардың 70 пайызы толық жеңіске жеткенге дейін соғысуды құп көреді


Харьков маңында орталық жылу жүйесін жөндеп жатқан жұмысшы.
Харьков маңында орталық жылу жүйесін жөндеп жатқан жұмысшы.

Сауалнама қорытындысы украиналықтардың 70 пайызы жеңіске жеткенге дейін соғысуды құп көретінін көрсеткен. Соғысты жақтайтындардың 91 пайызы Украина Мәскеу аннексиялап алған барлық аумақты, оның ішінде Қырымды да қайтаруы тиіс деп санайтынын айтқан.

Американың қоғамдық пікірді зерттейтін Gallup институты жүргізген сауалнама қорытындысы сұралғандардың 26 пайызы келіссөзді жақтайтынын көрсеткен. Сауалнама 2-11 қыркүйек аралығында Украинаның барлық аймағында (елдің шығысында да) жүргізіліп, осы аптада қорытындысы жарияланды.

"Америка дауысы" сайты украин күштері елдің шығысында контршабуылдың нәтижесінде едәуір аумақты өзіне қайтарып, жергілікті халықтың еңсесі көтерілген шақта сауалнама жүргізілгенін атап өтеді. Қазір украин күштері Херсонға таяды. Алайда ол жақта ілгерілеушілік саябырсыған. Ресей күштері азаматтық нысандарға оқтын-оқтын әуеден соққы жасап, инфрақұрылымдарды қиратқан. Соның нәтижесінде көптеген аудандар тоқтан ажырап, энергия және сумен қамтамасыз ету жүйесі шектелген.

"Жеңіске жеткенге дейін соғысуды құп көру соғыс аймақтарынан қашық жерлерде күштірек білінеді. Ал соғыс жүріп жатқан аймақтарда бәсеңдеу" деп Gallup ұйымы қорытынды жасайды.

Киев (83 пайыз) пен елдің батыс (82 пайыз) өңірлерінде халық Украина жерін орыс күштерінен азат етпейінше әскери қимылды тоқтатпауды жөн көреді.

XS
SM
MD
LG