Accessibility links

Энергетика министрі Каспий арқылы мұнай экспорттау мүмкіндігі туралы айтты


Қазақстан мұнайының негізгі бөлігін экспорттайтын Каспий құбыр желісі консорциумының жүмысында ақау көбейген шақта энергетика министрі Болат Ақшолақов мұнайды өзге бағыттар арқылы тасымалдау мүмкіндігі туралы сұрақтарға жауап берді.

КТК-дағы ақаулардан кейін Қазақстан билігі мұнай тасымалдау бағытын әртараптандыру маңыздылығын мәлімдеп, Транскаспий дәлізін негізгі балама бағыт ретінде атаған. 21 қазанда орталық коммуникациялар қызметінің брифингі кезінде Азаттық министрден қазақ үкіметінің Ресейді айналып өтетін балама бағыттарды пайдалану жоспары жөнінде сұраған.

—Транскаспий бағыты арқылы ірі көлемде тасымалдау туралы айтсақ, Қазақстан мұнай өндіруді арттырған сәтке дейін сондай бағыт болғанын қалаймыз. Ол үшін бізге ауқымды инфрақұрылым керек. Құбыр желісі транспорты мен айлақ шаруашылығы ғана емес, Каспийдегі мұнай тасымалдайтын танкерлер санын да көбейту керек. Қазір бұл мәселелер егжей-тегжейлі анықталып жатыр, – деді Болат Ақшолақов.

Министрдің есебінше, егер Қазақстан 2024 жылдың ортасына дейін қосымша 12 млн тонна өндіре бастаса, (бұған Теңіз кенішін игеруді арттыру жобасы да әсер етеді – министр) соның бір бөлігі Каспий теңізі арқылы тасымалдануы тиіс.

– Бірақ оған дейін ар жақ сондай көлемдегі мұнайды өздерінің құбырлары арқылы қабылдауға дайын ба деген мәселені талқылап алуға тиіспіз, – деді министр.

Ол сонымен бірге Транскаспий бағыты қазір де пайдаланыла бастағанын жеткізді.

—Көктемде КТК-да ақау пайда болған кезде, біз [мұнайымызды] темір жол арқылы Батуми портына жеткізгенбіз. Батуми портының шамасы - 5 миллион тонна. [Шикізатты] жылдам тиеу үшін көктемнен қазірге дейін вагон-цистерна паркін жасақтадық, – деді министр.

Бұған дейін КТК-ның екі айлақ қондырғысын 15 қазанға дейін іске қосатыны хабарланған еді. Алайда бұл мерзім өтіп кеткен. Министрдің айтуынша, енді қондырғыларды 25 қазаннан кейін іске қосуы мүмкін.

Новороссийскідегі Каспий құбыр желісі консорциумы биыл тамызда теңіз терминалындағы үш қондырғының екеуі арқылы мұнай айдауды тоқтатқан еді. Оған "Южная Озереевка" Қара теңіз терминалындағы қондырғылардың механизмін тексеру жұмыстары себеп болды деп айтылды.

Украинада соғыс басталғалы бері КТК құрылғылары бірнеше рет тоқтаған. Биыл наурыз айының соңында консорциум теңіздегі дауылдан кейін құбыр құрылғыларына елеулі нұқсан келгенін мәлімдеген. Германияның Handelsblatt газеті кейін зерттеу нәтижесін жариялаған. Онда авторлар "негізгі себеп дауыл емес, Ресей Қазақстан мұнайын Еуропа нарығына шығармауға тырысқан" деген тұжырымға келген.

XS
SM
MD
LG