Accessibility links

"Важные истории": Украинадағы соғыста мобилизацияланған кемінде 26 адам қаза болған


Мобилизацияланған солдаттар.
Мобилизацияланған солдаттар.

"Важные истории" басылымы Ресейдегі мобилизацияның алғашқы айы бойынша жүргізген зерттеуін жариялады. Басылым есебінше, бір ай ішінде мобилизацияланған кемінде 26 адам Украинадағы соғыста қаза тапқан. Бұған қоса, кемінде 30 адам соғысқа аттандыратын әскери бөлімдерде мерт болған. Барлығы 230,5 мың адам мобилизацияланған.

Қаза болғандар туралы ақпарат ашық дереккөздерден алынған. Көбі соғысқа бірнеше күндік әскери дайындықтан соң жіберілген.

Кемінде 30 адам соғысқа жетпей жатып – мобилизация пунктері мен әскери бөлімдерде қаза болған. Олардың өліміне түрлі жайт себеп болды деп айтылады: кейбірі "созылмалы ауруы қозып, көз жұмды" деп хабарланса, кейбірінің өліміне "суицид" себеп болды деп түсіндірілді. Өткен аптада Ресейдің Белгород облысында мобилизацияланғандар арасында жанжал туындап, соңы атысқа ұласқан. Түрлі дерек бойынша, 11-32 адам қаза болған.

Мобилизацияланған ресейліктердің украин күштеріне берілгені жөнінде де хабар бар, алайда нақты цифр айтылмады.

Мобилизацияның алғашқы айында оны жүргізу ережесінің бұзылғаны жөнінде көп ақпарат тарады. Кей жерде денсаулығына байланысты армияға жарамсыз адамдарға, көп балалы әкеге, соғысқа жіберілмеуі тиіс мамандарға шақырту берілген. Мәскеу мен Санкт-Петербургте полицейлер ер адамдарды көше, метро мен сауда орындарынан ұстап, шақыру тапсырған.

Мобилизацияланғандар мен олардың туыстары соғысқа алынған солдаттар тұратын орындардың нашар, лас екеніне, ыстық тамақ берілмейтіндігіне шағымданған. Бұдан бөлек, мобилизацияланғандарға әскери киім де берілмеген: бронежилет, ұйықтайтын көрпе, дәрі-дәрмек пен термокиімді солдаттардың өздері сатып алуы тиіс болған.

Conflict Intelligence Team (CIT) әскери сарапшыларының айтуынша, Ресейде мобилизацияланғандардың нақты санын анықтау қиын: аймақтардан қарама-қайшы мәліметтер түсіп жатыр. Ал "Важные истории" талдауы олардың санын 230,5 мың деп көрсетеді.

  • 21 қыркүйекте Владимир Путин Украинадағы соғысты жалғастыру үшін "ішінара мобилизация" жариялаған. Қорғаныс министрі Сергей Шойгу "ішінара мобилизация барысында 300 мың резервист шақырылатынын" мәлімдеген. Бірқатар дереккөз билік миллионға жуық адамды соғысқа жіберуді көздеп отырғанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG