Қазақстан парламентінің төменгі палатасы сәрсенбі күні пленарлық отырысында 2028 жылға дейін әйелдердің зейнет жасын 61 жаста қалдыратын түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады. Мәжіліс комитетінің қорытындысы бойынша, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан 70 пайызына дейін, ал ең жоғары мөлшері 100 пайыздан 120 пайызына дейін кезең-кезеңімен арттырылатын болады. Аталған түзетулер жөнінде өткен айда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына "жолдауында" да айтқан.
Бұған дейін Қазақстанның бірқатар қалаларында әйелдердің зейнет жасын төмендетуді талап еткен наразылық акциялары өткен. Жиналғандар үкімет пен президентті әйелдерге 58 жасында зейнетке шығуға мүмкіндік беруге, зейнет жасын ұлғайтпауға үндеген.
Парламентте қарастырылып жатқан түзетулер "жастар" ұғымын кеңейтіп, оған 35 жасқа дейінгілерді енгізуді де қарастырады. Заң жобасына сәйкес, "жастардың әлеуметтік қызметі", "уақытша жайғаспаған жастар" ұғымы енгізіледі. Әкімдіктер белгілі бір өңірдің "артықшылықтарын" ескере отырып, жастарға жеңілдікпен баспананы жалға беру бағдарламасын жасап, жүзеге асыру өкілетіне ие болады.
Заң жобасы сонымен бірге жұмыс берушіні жұмысшылардың зейнетақы жарнасының белгілі бір бөлігін төлеуге міндеттейтін өзгерісті 2023 жылдан 2024 жылға шегеруді де қарастырады. Құжатқа сәйкес, бала күтіміне қатысты төлем төлеу мерзімі бір жарым жасқа ұлғайтылады. Бұған қоса, зейнетақы мөлшерін 46 АЕК-тан 55 АЕК-қа дейін арттыру да қарастырылған.
Аталған өзгертулер сенаттың қарауына жіберілді. Егер жоғарғы палата жобаны мақұлдаса, заң жобасы президентке қол қоюға жіберіледі.
Заң жобасы 20 қарашаға белгіленген кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында қарастырылып жатыр. Президент осы сайлауда жеті жылға сайланады. Қыркүйекте билік Конституцияға өзгерістер енгізген.