Ата-аналар наразылығынан кейін "Назарбаев зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымына қосымша 200-ге жуық грант бөлінді. "Назарбаев зияткерлік мектептері" сайтындағы ақпаратқа қарағанда, 20 қазанда комиссия отырысы өтіп, қосымша 186 грант бөлінген. 131-і – қазақ сыныбына, 49-ы орыс сыныбына берілген.
Оның 41-і – Алматы қаласындағы химия-биология бағытында оқытатын мектептің қазақ сыныбына берілген. Бұл жөнінде Азаттыққа белсенді ата-аналардың бірі Дархан Ардақұлы айтып берді.
– Біз оқушылардың тізімін сайттан кеше көрдік. Ол жерде Алматыдағы химия-биология бағытында оқытатын мектептің қазақ сыныбына 41 оқушыға грант берді, яғни өзіміз талап еткен екі сыныпты ашуға мүмкіндік туды. Біз бұл жетістікке жету үшін үш ай алыстық. Дүйсенбіден бастап мектепке қабылданған оқушылардың құжаттарын жинастыра бастаймыз, - деді белсінді ата-ана.
Биыл шілде айында Назарбаев зияткерлік мектебінің жетінші сыныбына қабылданған оқушылар тізімі жарияланғаннан кейін Алматыдағы химия-биология бағытында оқытатын мектептің бір топ ата-анасы наразылық білдіріп, 2022-2023 жылға арналған гранттың әділ бөлінбегенін айтқан еді. Олардың келтірген уәжі бойынша қазақ тілінде оқытатын сыныпқа қабылданбай қалған балалардың жинаған балы орыс сыныбына қабылданған оқушылардың ұпайынан әлдеқайда жоғары.
Наразылық білдірген белсенді ата-аналардың бірі Дархан Ардақұлы сол кезде былай деген еді.
– Биыл Алматы қаласындағы химия-биология бағытында білім беретін Назарбаев зияткерлік мектебін 5 қазақ сыныбы, 2 орыс сыныбы бітірді. Бірақ жетінші сыныпқа төрт қазақ, төрт орыс сыныбын ғана ашып отыр. Жетінші сыныпқа қабылдануға емтихан тапсырған қазақ сыныбындағы оқушының ең жоғарғы балы – 1424 болса, [тізімде бал жағынан] 100-ші болып тұрған оқушы 1186 бал жинаған. Ал орыс сыныбына қабылданып отырған оқушының ең жоғарғы ұпайы 1404, 100-ші орында тұрған оқушының балы – 1126 бал. Енді салыстырып қарасақ, қазақ сыныбында 1126 бал жинаған оқушы 141 орында тұр. Сонда орыс сыныбына қабылданған 40 оқушы қазақ сыныбына қабылданбай қалған баладан төмен бал жинаған. Бұл әділетсіздік, - деген еді журналистер алдында.
Белсенді ата-аналар оқушыларды орыс-қазақ сыныбы деп емес, жинаған балына қарай бөлуді немесе тағы да екі сынып ашуды талап еткен болатын. Алайда «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының өкілі Жанара Жаманқұлова Азаттық радиосына оқушыларды нақты критерий бойынша іріктелгенін айтып, «ешқандай әделтсіздік болған жоқ» деген еді.
«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының сайтында жарияланған ақпаратта 20 қазан күні оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринованың төрағалығымен комиссия отырысы өтіп, Астана, Алматы, Ақтөбе, Көкшетау, Қостанай, Семей, Талдықорған, Тараз, Орал, Шымкент, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Түркістан, Өскемен Назарбаев зияткерлік мекептерінің 7 сыныптарында білім алатын резервтік тізімдегі оқушыларға 186 грант бөлінгені, оның 131-сі қазақ сыныбына, 49-ы орыс сыныбына берілгені айтылған.
Қазақтанның тұңғыш президентінің атымен аталатын «Назарбаев» зияткерлік мектебі 2008-жылдан бері жұмыс істеп келеді.
(Жаңалық авторы: Нұртай Лаханұлы).
ПІКІРЛЕР