Ресей Украинаға басып кіргелі бері шамамен 14 млн украин азаматы үйін тастап кетуге мәжбүр болған. Бұл "кейінгі ондаған жылда байқалған ең жылдам әрі ауқымды көш" деді БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары Филиппо Гранди.
Соның салдарынан әлемде босқындар 103 миллионнан асқан.
Гранди украиналықтар "ең қаһарлы қыстың бірін күрделі жағдайда" өткеруге мәжбүр, азаматтық нысандар қирап, көмекке сұраныс теңдессіз артқан шақта гуманитарлық көмектің теңіз тамшысына айналуы оңай деді.
Соғыстың созылу ықтималдығы артқан тұста ведомство Украинаның өз ішінде және сыртында халықты көшіруге дайындалып жатыр.
2022 жылдың басында Украинада 41 млн адам тұрған.
Ресей биыл 24 ақпанда Украинаға басып кіргеннен кейін БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары "Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең жылдам көші-қон дағдарысы туралы" айтқан. Украиналықтар негізінен көрші Венгрия, Молдова, Румыния, Словакия және Польшаға қоныс аударған.
Грандидің мәліметінше, кейінгі 12 айда БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасы әлемнің түкпір-түкпірінде соғыс салдарынан туындаған 37 төтенше жағдайға назар аударған.
"Басқа дағдарыс халықаралық дәрежеде осыншама назар, осыншама наразылық тудырмайды, осыншама көп ресурсты талап етпейді" дейді ол.
Гранди Украинадан бөлек, алғашқы алты айда 850 мыңнан астам тұрғыны босып кеткен Эфиопиядағы жағдай мен кейбір дереккөз бойынша 500 мың азаматы қоныс аударған Мьянмадағы жағдайға да назар бұрған.