Accessibility links

The Times: Путинді соғыс бастауға Патрушев пен Бортников сендірген


Ресей президенті Владимир Путин және Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев.
Ресей президенті Владимир Путин және Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев.

Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев пен ФСБ директоры Александр Бортников - Украинаға қарумен басып кіруді қатты қолдаған адамдардың бірі. "Іс жүзінде президент Владимир Путинді операция бастауға солар сендірген" деп жазды британдық The Times басылымы. Газет баспаға әзірленіп жатқан журналист Оуэн Мэттьюздың кітабынан үзінді жариялаған. Автордың сөзінше, кітап Ресейдің Украинаға басып кіруіне дайындығынан хабардар ресейлік тұлғалардың әңгімесіне де негізделген.

Автордың тұжырымдауынша, Патрушев, Бортников және олардың көзқарасына ұқсас Ресей күштік құрылымының өкілдері Украинаға "превентивті" соққы жасау қажет деп сенген. Олардың ойынша, бұл Ресейді "Батыс тарабынан төнген стратегиялық қатерден" құтқарады-мыс. Ақпаратқа қарағанда, Росгвардия директоры Виктор Золотов жабылған "Эхо Москвы" радиостанциясының бас редакторы Алексей Венедиктовпен әңгіме кезінде "Украина деген мемлекет жоқ", ол тек "Америка мен Ресей шекарасы арасындағы" территория деп айтқан.

Басқыншылықты тікелей әзірлегендер арасында Патрушев пен Бортников, Путиннен бөлек қорғаныс министрі Сергей Шойгудың да аты аталады. Алайда ол, кітап авторының айтуынша, идеолог емес, кей кезде ұстанымына сенімсіздік білдірген орындаушы рөлін атқарған. Путиннің айналасындағы ең маңызды тұлға ретінде Патрушев аталады. Басылымның жазуынша, коронавирус індеті кезінде оқшауланған Путиннің айналасында кеңесіп жүрген адамдар қатары сиреп, Украинаға бақылау орнату қажеттігіне сенген адамдар қатары көбейген. Сондай адамдардың бірі - кәсіпкер Юрий Ковальчук.

Соғыс бастау бойынша түпкілікті шешім 2021 жылы жаздың соңында қабылданған деп айтылады. Алайда сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа Батыстан барынша жеңілдіктер алу жөнінде міндет қойылған. Лавровтың өзі жағдайдың бейбіт өрбігенін қалаған және Путин де соны қалайды деп сенген. 2021 жылы желтоқсанда Ресей Батыстан "қауіпсіздігіне кепілдік" сұрап, талаптар қойған. Бірақ Батыс оларды қабылдай алмайтынын мәлімдеген. Алайда The Times жазуынша, батыс дипломаттары, оның ішінде британ саясаткерлері де бар, бұл тұжырымды дұрыс түсінбеген. Олар Ресей келіссөз жүргізіп, Батысты қандай да бір жеңілдіктер жасауға көндіруге тырысып жатыр деп ойлаған. Ал шын мәнінде бұл Ресейдің "ультиматумы" болатын.

The Times жазуынша, Ресей элитасының басым бөлігі, тіпті Қауіпсіздік кеңесі мүшелері де 21 ақпанға дейін Путиннің соғыс бастауға бекінгенін білмеген. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков соғыс басталғаннан кейін жеке әңгімеде Қауіпсіздік кеңесі мүшелерінің басым бөлігіне (арасында Лавров та бар) аталған шешім "ЛХР" мен "ДХР-ды" мойындау мәселесі талқыланған отырыстан кейін ғана айтылғанын жеткізген.

Путиннің арнайы операция жайлы мәлімдемесі 23 ақпанда жазылған деп айтылады. Ертесінде Ресей Украинаға басып кірді.

Ресей билігі өкілдері Times басылымындағы мақалаға орай түсініктеме берген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG