Accessibility links

Украина шығысында "шығынға ұшыраған" Ресей һәм Херсондағы шайқас. Соғыста не болып жатыр?


Украинаның шығысындағы Бахмут аймағындағы шайқас. 6 қараша 2022 жыл.
Украинаның шығысындағы Бахмут аймағындағы шайқас. 6 қараша 2022 жыл.

Украиналық әскерилер Донбасста Ресей күштерінің бірнеше шабуылына тойтарыс бергенін мәлімдеді. Ал Украина президенті Владимир Зеленский "Ресей әскерінің әр жеңілісі Мәскеудің әскери тактикасының ақылға сыймайтынын көрсетті" деді. Майдан шебінде не болып жатыр? Қысқаша шолып шықтық.

Киев "Ресей Украина күштері Херсон қаласын қайтару үшін шабуыл жасайды деп қауіптенеді, сондықтан бос қалған үйлерді тонап, бұл үйлерге қарапайым киінген әскерилерді орналастырып, көше шайқасына дайындалып жатыр" деп айыптады. Ресей Украинаға басып кіргенде алғаш жаулап алған қалаларының бірі осы Херсон болды. Кейінгі уақытта Мәскеу Херсонға Украина әскері шабуыл жасауы мүмкін деп тұрғындарды қаладан кетуге шақырған. Екі тарапта қазір Херсонда жарық пен су жоқ екенін айтады.

Кремль Украина тарабын "саботаж жасады" десе, Киев "Ресей бір жарым шақырым электр торабын үзді" деп те айыптады.

Киев "ресейлік күштер бейбіт тұрғындардың жеке үйлері мен инфраструктура объектілерден құралдарды, тамақтарды, транспорттарды ұрлап, Ресейге әкетіп жатыр" дейді.

Украина әскерилері елдің шығысындағы шепте жүр. 8 қараша 2022 жыл.
Украина әскерилері елдің шығысындағы шепте жүр. 8 қараша 2022 жыл.

Бұған қоса, Украина бас штабы Херсон облысы Берислав ауданындағы Ресейдің қару-жарақ қоймасына шабуыл жасап, әскери техникаларды жойғанын; ресейлік 32 әскери қаза тапқанын хабарлады.

Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздерден тексеру қиын.

Украина қарулы күштерінің бас штабы күнделікті есебінде Ресей күштері елдің шығысындағы Бахмут, Авдеевка және Новопавловкаға шабуылды үдетті деп мәлімдеді. Мәскеу күштері кейінгі аптада Донецкте осы үш қаланы алуға тырысып жатыр. Бұған қоса, Ресей әскерилері Украинаның әр аймағындағы инфраструктуралар мен азаматтық объектілерді атқылауын да тоқтатқан жоқ.

Ал Зеленский Ресейдің ракеталық шабуылы көбейген тұста әлем Украинаға ракетадан қорғайтын жүйелердің келесі легін бергенін мәлімдеді. "Бұл көмек біздің қорғанысымызды күшейте түседі. Украина аспаны 100 пайыз қорғауда дей алмаймын, бірақ біз мақсатымызға жақындап келеміз" деді ол 7 қарашадағы видеомәлімдемесінде.

Украина тарабының айтуынша, Ресей кейінгі уақытта Донецк облысындағы Авдеевка қаласына шабуылды үдеткен. Сурет 7 қарашада түсірілген.
Украина тарабының айтуынша, Ресей кейінгі уақытта Донецк облысындағы Авдеевка қаласына шабуылды үдеткен. Сурет 7 қарашада түсірілген.

Украина қорғаныс министрі Алексей Резников 7 қарашадағы мәлімдемесінде ракетаға қарсы NASAMS және Apside қаруларын алғанын айтты.

"Бұл қару Украина әскерін одан әрі күшейтіп, елімізді қауіпсіз ете түседі" деп жазды ол Twitter желісінде. Резников қаруды қай елдер бергенін ашық айтпады, дегенмен АҚШ, Норвегия, Испанияға "алғыс айтты".

Зеленский дүйсенбідегі мәлімдемесінде Донецк облысында кескілескен шайқас болып жатқанын да айтып, Донбассты "оккупанттардың бассыздығының эпицентрі" деп атады.

"Ресей күніне жүздеген адамынан айырылып жатыр. Сондағы Украинаның бақылауындағы жерлер оккупанттардың мәйітіне толып қалды" деді ол.

Зеленский Павловка маңында жүрген ресейлік әскерилер өз аймақтарының губернаторына шағымданды деп мәлімдеді. 7 қарашада америкалық CNN телеарнасы Ресейдің Тынық мұхит флотының 155-әскери бригадасының солдаттары Приморск аймағының губернаторы Олег Кожемякоға шағымданғанын хабарлады. Телеарнаның мәліметінше, ресейлік әскерилер Донецкте "түсініксіз шайқасқа" жіберілгенін, төрт күнде 300 солдат қаза тауып я жараланғанын, қаруларының 50 пайызынан айырылғанын айтқан.

Зеленскийдің сөзінше, Кожемяко әскерилердің шағымын "асыра сілтеу" деп атап, "шығын соншалықты көп емес" деген.

БҰҰ есебінше, 24 ақпаннан бері Украинадағы соғыста кемі 6490 бейбіт тұрғын (оның ішінде 400 бала бар) қаза тапқан. Ал Киев Ресеймен келіссөзден қашпайтынын айтады, бірақ келіссөз жүргізу үшін Ресей Украинадан әскерін толық әкетуі керек деген шарт қойып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG