Accessibility links

Жанболат Мамай сотында монитор дыбысы өшіп қалған соң жұрт наразылық танытты


"Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамайдың сотында дыбыс естілмей, жұрт наразылық білдірді. Алматы, 9 қараша 2022 жыл.
"Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамайдың сотында дыбыс естілмей, жұрт наразылық білдірді. Алматы, 9 қараша 2022 жыл.

9 қарашада Алматының Бостандық ауданының №2 сотында тіркелмеген "Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамайдың соты офлайн жалғасты. Сәрсенбі күні сотта іс бойынша екі жәбірленуші (бірі полицей) тыңдалды. Сот залынан хабар тарататын монитор істемей, жұрт наразылық білдірді.

Тіркелмеген "Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамайға "жалған ақпарат таратты", "билік өкілін қорлады" және "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айып тағылған. Мамай істің саяси астары барын айтады.

Сәрсенбі күнгі соттың алғашқы бөлігінде екі жәбірленуші тыңдалды. Бірі – Медеу аудандық полиция қызметі бөлімінің жетекшісі Өмірғали Тоқсанбаев, екіншісі – қаржы нарығын реттеу агенттігіне қарасты тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің өкілі.

Былтыр қазанда сотқа шағым түсірген полиция өкілі Өмірғали Тоқсанбаев Жанболат Мамайды "билік өкілін қорлады" деп айыптаған. Ол былтыр 18 қыркүйек күні "Демпартия" митингісі кезінде полицейлер белсенділерді күшпен ұстап жатқан кездегі Мамайдың айтқандарын алға тартқан. Сәрсенбі күні сотта Мамай одан "қарабет" сөзін сіздің өзіңізге бағыттадым ба?", "Не себепті жеке қабылдадыңыз?" деп сұрады. Ал Тоқсанбаев "әлеуметтік желіде өте көп пікір айтылғанын және сол жақта қызмет бабында жүрген адам ретінде "қарабет" сөзін жеке өзіне қабылдағанын" айтты.

Ал қаржы нарығын реттеу агенттігіне қарасты тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің өкілі "былтыр Мамайдың несие амнистиясы жайлы мәлімдемесінен соң агенттікке көп адам келіп, қарыздарын кешіруді сұрап өтініш жазғанын және соның салдарынан агенттікке шамамен 2 млн теңге көлемінде шығын келгенін" атап өтті. Бұған дейін Мамай қарыз мәселесін аталған "агенттік шешуі тиіс" деп айтқаным үшін шағымданып отыр деп, тағылған айыппен келіспеген еді.

"Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамайды қолдап келген жұрт монитордан сотты бақылап отыр. Алматы, 9 қараша 2022 жыл.
"Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамайды қолдап келген жұрт монитордан сотты бақылап отыр. Алматы, 9 қараша 2022 жыл.

9 қарашада сотта бақылаушылар мен журналистер отырған өзге залдағы монитордың дыбысы уақытша істемей қалып, жұрт наразылық білдірді. Мамайдың жақтастары "дауыс естілмесе, сот өтіп отырған залға барып қатысамыз" деп сот залынан шықпақшы болғанда сақшылар мен полицейлер оларды жібермей, екі тарап бір сәт айғайласып, жұлысты. Наразылық шамамен 15 минутқа жалғасты. Бұдан соң залдағы монитор қайта қосылып, жұрт басылды.

Сот түстен кейін де жалғасты. Апта басында Жанболат Мамай судьяға сенімсіздік жариялап, оны ауыстыруды талап еткенмен өтініші орындалмаған.

Жанболат Мамай 2 қарашада тергеу изоляторынан босап шыққан. Сот оның бұлтартпас шарасын өзгертіп, 8 айдан кейін тергеу изоляторынан үйқамаққа жіберген.

"Қазақстанның демократиялық партиясын" тіркей алмай келген оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай биыл ақпанда Қаңтар құрбандарын еске алу жиынына қатысқаны үшін ұсталған. 15 күн әкімшілік қамауға алынған Мамай ізінше тергеу изоляторына ауыстырылды. Оған "жалған ақпарат тарату" және "билік өкілін қорлау" баптары бойынша айыптар тағылды.

Маусымда Жанболат Мамайға Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай наразылық ұйымдастырды" деген тағы бір айып тағылды. Мамай сол кезде "билік оны 4 қаңтарда "Алматы Арена" кешені маңындағы митингіні ұйымдастырды деп кінәлағысы келеді" деген. Мыңнан астам адам жиналған митингіні сол күні полиция күшпен таратқан еді. Мамай тағылған айыпты жоққа шығарып, тәртіпсіздікке қатысы жоғын айтқан. Айыптарды саяси қудалау деп атаған.

Қазан айында Жанболат Мамайдың әйелі Инга Иманбай Еуропарламенттегі сөзінде бір күн бұрын күйеуіне "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыбы "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" (400-бап) бабымен алмастырылғанын хабарлаған еді. Инга Иманбай Жанболат Мамайға тағылған айыптың жеңілдеуіне халықаралық қысым түрткі болды деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG