Accessibility links

Каспий құбыр желісінде тамызда бұзылған екі қондырғының бірі іске қосылды


Новороссийскідегі КТК терминалы.
Новороссийскідегі КТК терминалы.

Каспий құбыр желісі консорциумының теңіз терминалында бұзылған екі қондырғының бірі іске қосылды. Бұл жөнінде консорциумның ресми сайты хабарлады.

"12 қарашада бірінші жылжымалы айлақ қондырғысында (ВПУ-1) қалқымалы сауытты алмастыру жұмыстары толық аяқталды. Гидростатикалық сынақ сәтті жүргізілді, танкерге мұнай тиеліп жатыр" деп жазылған хабарламада.

Істен шыққан танкер кеме бортына 29 қазанда көтеріп шығарылған. Жөндеу жұмыстарына қолайсыз ауа райы мен теңіз ағынының жиі құбылуы кедергі келтірген деп айтылады. Консорциум қазір екінші айлақ қондырғысының қалқымалы сауытын алмастыруға дайындалып жатқанын хабарлады.

Тамыз айында Каспий құбыр желісі консорциумы Қара теңіздегі "Южная Озереевка" терминалындағы үш айлақ қондырғысының екеуі жұмысын тоқтатқанын хабарлаған. Консорциумның түсіндіруінше, "қондырғылардың бекіту тораптарында жарықшақтар табылған".

Қазақстан мұнайының басым бөлігін Ресей аумағы арқылы Еуропаға экспорттайтын Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысы жылдың басынан бері осымен төртінші рет тоқтағаны сол кезде айтылған.

10 қарашада премьер-министр Әлихан Смайылов айлақ қондырғысының бірі алдағы екі-үш күнде, екіншісі екі-үш аптада іске қосылатынын хабарлаған еді.

Құбыр желісінен ақау жиілеген шақта Қазақстан билігі мұнай экспорты тасымалын әртараптандыру жөнінде жиі айта бастады. Осы аптада энергетика министрі Болат Ақшолақов 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Баку - Тбилиси - Жейхан бағыты бойынша 1,5 млн тонна мұнай экспорттай бастайтынын, барған сайын бұл көрсеткішті 6,5 млн тоннаға жеткізуді көздейтінін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG