Accessibility links

Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев президент әкімшілігінен қызына жоғары қызмет берді


Өзбекстан президентінің қызы Саида Мирзияева.
Өзбекстан президентінің қызы Саида Мирзияева.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев қызы Саида Мирзияеваны президент әкімшілігі атқарушы аппаратының коммуникация және ақпарат саясаты секторының меңгерушісі қызметіне тағайындады. Бұл жөнінде Мирзияевтің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов хабарлады.

Президенттің қызы басқаратын жаңадан құрылған сектор қоғамдық ой-пікір мен ақпарат саясатын зерттеумен шұғылданады. Мирзияева мәдениет, білім және әлеуметтік саладағы реформалар барысын бақылайтын болады.

Өзбекстан президентінің үлкен қызы Саида Мирзиява 2019 жылдан 2022 жылға дейін президент әкімшілігі жанындағы ақпарат және коммуникация агенттігі директорының орынбасары қызметін атқарған. 2022 жылдан бастап ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту мен қолдау қорының қамқоршылар кеңесі төрағасының орынбасары болған.

2021 жылдың қарашасынан бастап Өзбекстан мемлекеттік қызметте бірге жұмыс істеуге тыйым салатын туыстар санатын кеңейтуді жоспарлаған. Мұндай заң жобасын Өзбекстанның жемқорлықпен күрес агенттігі жасаған.

Заң жобасы бойынша, бір мемлекеттік органда туыс адамдардың бірге жұмыс істеуіне тыйым салынады. Бұл талапты бұзғандарға 375 доллардан 750 долларға дейін айыппұл салу көзделген.

Орталық Азия мемлекеттері басшылары жақын туыстарын жоғары мемлекеттік аппаратқа қызметке тағайындайтыны сирек кездесетін жағдай емес. 2021 жылы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қызы Рухшонды Ұлыбританиядағы елші етіп тағайындаған. Түрікменстанды көп жыл басқарған Бердімұхамедов ұлы Сердар Бердімұхамедовты жоғары лауазымдарға тағайындай келе, ақыр соңы Түрікменстан президенті еткен. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та жақын туыстарын жоғары қызметтерге тағайындаумен шұғылданған: үлкен қызы Дариға премьер-министрдің орынбасары, мәжіліс төрағасының орынбасары, сенат жетекшісі болған. 2022 жылдың басындағы Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары қызметтерінен шеттетілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG